Астанада балабақша жанынан өтіп бара жатқан әйелге белгісіз ер адамның азғындық жасағаны хабарланды. Ер адам қызды жасөспірім оқушы деп ойлап, бөксесінен ұстаған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Оқыс оқиға 25 желтоқсанда сағат 15:35 шамасында Желтоқсан көшесіндегі "Әлем" балабақшасының жанында болған. Астаналық ару бұл туралы желіде жазып, мәлімдеме жасады.
“Бүгін Бөгенбай аялдамасынан Желтоқсан көшесінің қиылысынан өтіп бара жатқанымда 35 жас шамасындағы ер адам арт жағымнан келіп, бөксемнен ұстап алды. Ол мені жасөспірім, оқушы қыз деп ойлады. Себебі дене бітімім кішкентай, арық. Ал кейін ересек қыз екенімді көргенде қаша жөнелді. Оның түрін капюшонынан дұрыс көре алмадым. Дегенмен мен өзімді қорғай алдым. Алайда менің орнымда шынымен балалар болса неге әкеліп соғар еді?”, – деді бойжеткен желідегі жазбасында.
Қыз ер адамның артынан қуып видеоға түсіріп алуға тырысқан. Бірақ жете алмаған. Жәбірленуші полицияға азғындау туралы арызбен жүгінген.
Астана полициясы құқық бұзушыға қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалғанын хабарлады. Нәтижесінде 39 жастағы ер адам сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды.