Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Комада жатыр… Дұғадамыз»: Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен жігіттің жағдайы туралы айтты

21:50, 19 тамыз 2026

Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Нұржігіт есімді азаматтың жағдайы туралы жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен азаматтың қазіргі жағдайы туралы айтып, науқастың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегін атап өтті.

«Бүгін Нұржігіттің комада жатқанына төрт күн болды. Нұржігіттің туған бауырлары мен әпкелері және бауырымыздың өмірі үшін аянбай күресіп жатқан ақ халатты абзал жандармен бірге суретке түсуді ниеттендік.

Фотода — Тұрар Рысқұлов атындағы орталық аурухананың бас дәрігері Айман Кенжебекқызы Бекебаева. Нағыз өз ісінің маманы, кәсіби дәрігер, ғажайып тұлға деуге әбден болады.

Айман Кенжебекқызының басшылығымен аурухананың реаниматологтары, травматологтары, анестезиологтары күндіз-түні, таңға дейін Нұржігіт сияқты өмір сынағына тап болып, денсаулығы сыр берген, түрлі жағдайдан зардап шеккен азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Бұл заманның батырлары кім десек, осындай Айман Кенжебекқызы сияқты адамдарды айтуға болады. Әр үш-төрт сағат сайын алдымызға шығып, Нұржігітке жасалып жатқан ем-дом мен медициналық шаралар туралы айтып, бізге түсініктеме беріп, жүрегіміздегі уайымды сейілтуге тырысады. Айман Кенжебекқызы бізге ғана емес, ауыр халде ем алып жатқан барлық азаматтардың жақындарымен ашық әрі түсінікті түрде сөйлесуге тырысады.

Төрт күннің ішінде көп нәрсеге көзім жетті. Отандық медицинаны көтереміз десек, оның Айман Кенжебекқызы сияқты кәсіби, білікті, талапшыл әрі мықты мамандарды қолдау керек. 

Айман Кенжебекқызының жанында Тұрар Рысқұлов атындағы орталық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Найманбаев Тимур Ильясұлы бар. Тимур — керемет дарынды, кәсіби, білікті әрі ашық маман.

Сонымен қатар аурухананың травматология бөлімінің басшысы Рубилов Валихан мен хирургия бөлімінің бас хирургі Рыскельдиев Бақытжанның да ерекше кәсібилігі мен біліктілігін атап өткім келеді. Сөз жоқ, керемет мамандар!

Міне, болашақ медицинамыздың негізі — өзінің ұзақ жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесі бар Айман Кенжебекқызы сияқты ұжымын алға сүйрей алатын білікті басшы-мамандардан және Валихан, Бақытжан, Тимур сияқты жас болса да, Нұржігіттің қиын жағдайындағыдай күрделі сәттерде өздерінің біліктілігі мен кәсібилігін көрсете алатын азаматтардан тұруы тиіс.

Нұржігіттің аяққа тұрып кетуіне бірден-бір себепші болатын жандардың бірі — осы ақ халатты абзал жандар. Қолдарыңызға дерт бермесін, ақ халатты абзал жандар! Бәріміз дұғадамыз!», – деп жазды Бақытжан Базарбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Полиция департаменті Тұрар Рысқұлов ауданында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған болатын.

Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota маркалы автокөлігін басқарған Б. есімді азамат жолдың жүру бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен. Апат салдарынан зардап шеккен тұрғын аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар