Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Бірнеше күн бойы ұйықтамай, дұға жасап отырмыз”: Жол апатына ұшыраған Бақытжан Базарбек мәлімдеме жасады

17:25, 17 тамыз 2026

Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.

Оның айтуынша, қазір тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, оқиғаның мән-жайын әзірге жариялай алмайды.

Құрметті достар!

Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін.

Ол жол апатынан зардап шеккен азаматтың денсаулығына алаңдап, амандығын тілеп отырғанын жеткізді.

Қазір мен үшін ең бастысы — зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. 

Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін.

Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, тек ресми мәліметке сенуге шақырды.

Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын.

Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет! 

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Полиция департаменті Тұрар Рысқұлов ауданында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған болатын.

Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota маркалы автокөлігін басқарған Б. есімді азамат жолдың жүру бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен. Апат салдарынан зардап шеккен тұрғын аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар