Елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды тарихи еңбек дайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған 7 томдық жобада қазақ тарихының беймәлім парақтары ашылып, жүздеген жаңа дерек ғылыми айналымға қосылды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин “Егемен Қазақстан” газетіне берген “Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі“ мақаласында айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
2021 жылдың 5 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты жүрек төрінен шыққан мақаласы жарық көрді. Бұл терең толғанысты жазбасында Президент ұлтымыздың тарихи жадын жаңғыртуды ұлттың рухани жаңғыруының өзегі ретінде атап, бұл бағыттағы жұмыстарға тың серпін берді. Арада төрт жылдан астам уақыт өтсе де, сол үндеу әлі де өзекті. Осы уақыт ішінде тарихи сананы қалыптастыру жолында ауқымды жобалар жүзеге асып, ел жадын жаңғырту жолында сүбелі істер атқарылды.
Бұл тұрғыда ерекше атап өтер дүние – Президент тапсырмасымен әзірленген "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты академиялық 7 томдық еңбек. Бұл – отандық тарих ғылымының жаңа асуы, ұлт шежіресін жаңаша зерделеудің нақты нәтижесі. Әр томға жетекшілік еткен ғылыми институттар мен жүздеген зерттеуші бұл ауқымды іске жұмыла кірісті. Ел тарихының әр қатпарына терең бойлаған 250-ден астам тарихшы мен көптеген ғалымдар бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген тың деректерді жарыққа шығарып, оны ұлт игілігіне айналдырды.
Айтулы еңбектің басты жетістігі – тарихымыздың жүйеленіп, барлық мәліметтің әділ де объективті сарапталғанында. Жинақта ұлттық мүдде – басты ұстаным ретінде берік сақталған. Осылайша, тарихи әділеттікті қалпына келтіріп, ел жадын жаңғыртқан бұл көптомдық — шын мәнінде, тәуелсіз Қазақстанның рухани мұратына айналған бірегей ұлттық жоба.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин редакция алқасының төрағасы ретінде ресми түрде "өз тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз" деп мәлімдеді:
Біз тарихымызды жазғанда асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Созып жіберуге де болмайды. Алдыңғы академиялық басылымдарды әзірлеу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 томдық басылымға 5 жыл, 1957 жылғы 2 томдыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен.
Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 томдықтың бірінші томы 1996 жылы шықса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайындық жұмыстарын айтпағанның өзінде, бес томдықтың толық басылып шығуына 15 жылға жуық уақыт кетті.
Мәдени-рухани мұрамызды, тарихымызды түгендеуге арналған түрлі жоба аясында кейінгі жиырма-отыз жылда едәуір материал жинақталды. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жұмыс тың қарқынға ие болды. «Архив-2025» бағдарламасы жүзеге асырылып, шет мемлекеттерге арнаулы экспедициялар ұйымдастырылды. 9 мемлекеттен (Еуропа елдеріндегі, әсіресе Ватикандағы, Парсы мемлекеттеріндегі, Қытай мен Ресейдегі архивтерден) 5 мыңға жуық құжат табылып, зерттеліп, енгізілді. Пекин архивтерінен табылған құжаттар Қазақ хандығының Цинь империясымен, Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Ресеймен дипломатиялық, саяси және сауда қатынасынан мол ақпарат береді. Абылай ханның, Болат және Уәли сұлтандардың хаттары, түрлі жарлық XVIII ғасырда Қазақ хандарының кеңсесі, ауқымды құжат айналымы болғанын айқын көрсетеді.
Ал Ұлыбританиядан табылған «Тарихи-и Қыпшақ хани», «Нусрат-Наме», «Муʻизз ал-ансаб», «Бахр ал-асрар» сияқты қолжазбаларда XIV ғасырдан бері қазақ жерінде болған маңызды оқиғалар туралы өте құнды мәліметтер жинақталған.
Тарихымызға қатысты бұрынғы басылымдарда картографиялық материалдар аса көп қолданылмаған еді. Мақсатты түрде жүргізілген кешенді шаралардың арқасында өте ауқымды картографиялық материал жиналды, Италия, Франция, Қытай және Ресей архивтерінен бұрын бізге беймәлім болып келген карталар табылды. Сондай-ақ кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстары белсенді жүргізіліп, маңызды жаңалықтар ашылды. Осының бәрі жаңа басылымның мазмұнын толықтырып, байыта түседі.
Бұл жеті томдықты төл тарихымызға қатысты осыған дейін жасалған ірі жобалардың бұрын-соңды болмаған деңгейде толықтырылып, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасы мен мүддесі тұрғысынан зерделей жазылған қорытынды нұсқасы деуге болады.
Осылайша, жұмыс негізінен жұмырланып қалды. Біз ауқымды жұмыстың соңғы кезеңіне қадам бастық. Жақында академиялық басылымның ресми редакциялық алқасы құрылды. Оған еліміздегі ең белді ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, Ұлттық музейдің, Орталық мемлекеттік архивтің басшылары, сондай-ақ Болат Көмеков, Жәкен Таймағамбетов, Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Мұрат Әбдіров, Жақсылық Сәбитов, Радик Темірғалиев және басқа да көптеген белгілі ғалым мен сарапшы кірді. Алқа мүшелерінің арасында аға буын, орта буын және жас буын өкілдері бар. Бір сөзбен айтсақ, бұл жұмысқа жан-жақты қарап, оны кешенді түрде атқарып жатырмыз. Редакция алқасының жұмысын «Тарихшылардың құрылтайы» деуге болады. Олар әр томды жеке-жеке қарап, мұқият саралағаннан кейін баспаға жіберу туралы шешім қабылдайды.
Редакция алқасы мүшелерінің барлығы өз мамандарымыз. Яғни 7 томдық академиялық басылымның жалпы мазмұнын айқындайтын да, әр том, әр тарау, әр бөлім, әр тақырыпты сүзгіден өткізіп, түпкілікті шешімді қабылдайтын да өзіміз. Тоқетерін айтқанда, өз тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз. Мен мұны редакция алқасының төрағасы ретінде ресми түрде мәлімдеймін. Сондықтан түрлі алыпқашпа сөзге сенудің қажеті жоқ.
Әрине, басқа ғылымдар секілді тарих ғылымы да бір орында тұрмайды. Жеті томдықты төрт құбыласы түгел, сан мың жылдық шежіреміздің ұңғыл-шұңғылы тегіс қамтылған, ешбір кемшіліксіз еңбек деп түбегейлі баға беруге қақымыз жоқ. Бағаны ертең оны оқитын аудитория мен кейінгі ұрпақ береді. Бірақ болашақта тарихпен айналысамын деген азаматтардың ұлт жылнамасын терең зерделеуіне, әрі қарай зерттеулер жүргізуіне сара жол ашып, берік негіз қалауға тырысқанымыз анық.
Көп ұзамай жеті томдық жарыққа шығады. Ондағы деректер мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларына енгізіледі.
Осылайша, тарихымызды біртұтас шежіре ретіне жеткізетін басылым жарыққа шыққанда кейінгі ұрпақтың алдындағы бір парызымыз орындалды деп сеніммен айтуға болады.
Ерлан Тынымбайұлы жинақ хақында "Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын халық болуға тиіс екенімізді" баса айтты:
Тарих ғылымы үнемі дамып отырады. Жаңа деректер, тың тәсілдер пайда болады. Осы ретте тарихқа қатысты бірнеше мәселені мұқият қаперде ұстауымыз керек деп ойлаймын.
Біріншіден, тарих, ең алдымен, ғылымға негізделіп жазылуға тиіс. Қандай да бір мифті жоққа шығарамыз, онымен күресеміз деп екінші бір мифологияға жол бермеуіміз керек.
Ашығын айтсақ, кейбір адамдар жекелеген оқиғаларды, үрдістерді, тұлғаларды тым әсірелеуге құмар. Соның кесірінен дау-дамай туындайды. Бәзбіреулер болмаған оқиғаны болды деп ойдан шығарып, расталмағанды ақиқат деп жатады. Ұлт мүддесін емес, ата-бабасын дәріптеуге ұмтылатындар бар. Тарихи шығармаларға сеніп, оны шындық ретінде көретіндер де табылады. Бірақ тарих дегеніміз – көркем туынды емес. Сондықтан мұндай келеңсіз жайттарға бүкіл қоғам болып тосқауыл қоюымыз керек.
Екіншіден, тарих объективті көзқараспен жазылуға тиіс. Бір тұлғаның рөлін арттыру үшін екінші бір тұлғаны сынау дұрыс емес. Тіпті түрлі заманның қайраткерлерін салыстырып, сынап-мінеудің өзі орынсыз. Тұлғаларымыз өзінің саяси ұстанымына, көзқарасына сәйкес ел мүддесіне қызмет етті, өз миссиясын орындады.
Сонымен қатар бір кезеңді екінші кезеңге қарсы қоймау керек. Әрине, әр заманның өз ерекшелігі бар. Тарихи оқиғаларға әрқилы ахуал әсер етеді. Замандарды бір-біріне қарсы қойып, салыстыру салдарынан ел ішінде қарама-қайшылық туындайды, қоғамның береке-бірлігі бұзылады.
Үшіншіден, әр кезеңде тарихты зерттеушілердің алдында белгілі бір міндеттер тұрады. Мысалы, 90-жылдардың басында тарихтағы ақтаңдақтарды ашу басты мәселенің бірі еді. Бұрын белгісіз болған, тыйым салынған тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік туды. Әрине, ол дұрыс болды. Қазіргі зерттеушілердің өз міндеті бар. Мемлекет ғалымдардың зерттеу ісіне араласпайды. Ғылымның өркендеуіне жағдай жасайды. Дегенмен қай мәселеде болсын бір дискурспен, бір тұжырымдамамен шектелмеген жөн. Әдіс-тәсілдерге, ғылыми ұстанымдарға сүйеніп, зерттеу тақырыбына қашанда ауқымды көзқараспен қарау керек. Халқымыздың жылнамасын әлем өркениетінің тамыры терең, ауқымы кең, айрықша маңызды бөлшегі ретінде жан-жақты көрсете білу керек. Сондай-ақ оны еліміздің қазіргі миссиясымен ұштастыра отырып дәріптеу қажет. Ұлттық тарих ғылымының басты міндетінің бірі осы.
Төртіншіден, Әлихан Бөкейханның «Тарих – түзу жөнді үйретуші» деген сөзі бар. Мемлекет кәсіби тарихшылардың беделін көтеріп, оларды барынша қолдайды. Осы орайда кәсіби стандарттарды қалыптастырып, оны қатаң ұстану маңызды.
Кейінгі кезде қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ оны әуесқойлар да пайдаланып жатыр. Түрлі подкаст түсіріп, әлеуметтік желіге шығаратындар, тақырыпты терең білмесе де, тарихқа баға беретіндер көбейіп кетті. Әрине, әуесқойлардың ел шежіресін насихаттау ісінде өз орны бар. Бірақ тарихтың бұрмаланбауы айрықша маңызды.
Қазір псевдо-тарихшылар пайда болды. Олар да әлеуметтік желі арқылы ақылға қонымсыз пікір таратып, елді адастырып жатыр. Бұған жол беруге болмайды. Кәсіби тарихшылар ғана жұрттың тарихи сауатын арттыра алады.
Кейінгі жылдары елімізде ауқымды реформалар жасалды. Саяси-экономикалық өзгерістермен қатар, халықтың таным-түсінігі, болмыс-бітімі, өмірлік қағидалары өзгеріп жатыр. «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. Тәуелсіз мемлекетте туып, ойы азат, санасы сергек болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ халқымыздың терең тарихын жетік білуі керек. Бірақ бұл бізге мақтану емес, сақтану үшін, біреуге кектену үшін емес, болашаққа айқын көзқараспен қарап, алға нық сеніммен қадам басу үшін қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, "Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес". Рас, тарих біздің сана-сезімімізде, ұлттық болмысымызда ерекше орын алады. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын халық болуға тиіспіз. Біз осы идеяны жастардың бойына сіңіріп жатырмыз деп ойлаймын.