Астанадағы «Заңғар» тұрғын үй кешенінде 10-қабаттан секіріп қаза тапқан 19 жастағы қызылордалық Назым есімді бойжеткеннің өліміне қатысты жақындары күдік білдіріп отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 26 тамызға қараған түні орын алған. Қызбен бірге үйде болған куәгерлердің айтуынша, ол «анасын сағынғанын» айтып, терезеден секіріп кеткен. Алайда марқұмның отбасы бұл нұсқаға мүлдем сенбейді. Назымның Аңсаған есімді әпкесі Stan.kz ақпараттық агенттігіне сұхбат беріп, оқиғаның мән-жайын баяндады.
«Оқиға 26 күніне қараған түні таңғы жақын болған. Аяулым, Мағжан, Азамат есімді адамдар болған қасында. Бірақ олар ұзақ уақыт бойы жедел жәрдем шақырмаған. Біз енді сіңіліміздің «мамасын сағынды» екен деп терезеден секіріп кеткенге сенбейміз. Ол туралы бізге ештеңе айтпаған. Аяулыммен Қызылорда қаласында бірге жұмыс істеген. Кейін ол Астанаға кеткен, Назым да Астанаға барғанда бір-біріне хабарласып, үлкен қалада қыдырған», – деді марқұмның әпкесі Аңсаған.
Аңсағанның сөзінше, Назым елордада туыстарымен бірге тұрған. Сонымен қатар, отырыста спиртті сусындар болған. Марқұм көз жұмар алдында кіші сіңілісімен де хабарласқан екен.
«Назымнан кіші сіңілім екеуі сол уақытта сөйлескен. Бір-біріне «неге ұйықтамай жатсың?» деген сынды хабарламалар жазған. Түнгі 2:40 кеткенде қасындағы Аяулым кіші сіңіліме Назымның өмірден озғанын жазып жіберіпті. Жазбада: «Назымнан айырылып қалдық. Анасын сағынғанын айтып, терезеден секіріп кетті» деген хаттар жазып жіберген», – дейді Аңсаған.
Қараз шеккен отбасы мәселенің анық-қанығына жету үшін бейнебақылау камерасындағы таспаны көргісі келеді, бірақ полиция оны бермей жатыр.
«Полициядан камераны аштыртып, мән жайды білейік десек, олар бізге көрсетпей отыр. Сөздерінше, камераны ашып қарау үшін адвокат жалдау керек дейді. Бірақ кейбір таныстарымыз оны аштыру үшін міндетті түрде адвокатының болуы міндет емес дейді», – деп мәлімдеді марқұмның әпкесі.
Сурет: Stan.kz
Қазір туыстары Egov арқылы арыз жазған. Бірақ сол түні бірге болған адамдардың бәрі байланыстан шығып, әлеуметтік желідегі парақшаларын жауып тастаған.
«Аяулым мүлдем телефонын көтермейді, бірақ бір естігенім бойынша, қазір ол Қызылордада жүр. Біз неліктен олардан күдіктеніп отырмыз, егер ол кінәсіз болатын болса, онда үйге келіп көңіл айтуға келер еді ғой. Олар бізден қашып жүр. Instagram, Tik-tok парақшаларының бәрін жауып тастаған», – деді Аңсаған.
Сондай-ақ ол құрбысы Аяулымның бұған дейін де бір жігітті зорлау айыбы бойынша 7 жылға соттатқанын алға тартты.
«Назымның жасы 19-да, Аяулым осы жақында ғана 18-ге толды. Ал ана жігіттер 2003 жылы дүниеге келген, Жамбыл облысының тумалары. Олар әлі белгісіз, табылмай жатыр. Ал кеше ағамыз Астанаға департаментке барды. Экспертизаға 1 ай уақыт кетеді, күтіңіздер деп жатыр», – деп сөзін қорытындылады ол.
Осы оқиғаға байланысты пәтердегі бейнежазбаны алу үшін міндетті түрде адвокат қажет пе деген сұраққа заңгер Абзал Қасымжанов жауап берді.
«Бұл жерде отбасы бейнекамерадағы түсірілген жазбаларды өздері алатын алатын болса, олардың тарапына көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Кімнен, не үшін және ол бейнежазбаны қалай алды дегендей. Сондықтан адвокат немесе заңгер ресми түрде сұраным хат жіберіп алуға болады», – деді заңгер.
Сонымен қатар маман бұл мәселені шешудің екінші жолын ұсынды.
«Марқұмның отбасы өз еркімен пәтер меншік иелерінің кооперативіне немесе бейнекамералармен қызмет көрсететін компанияларға жазбаша түрде өтініш жазса, компания оларға туыстарының арызы негізінде жазбаларды бере алады», – деп түсіндірді Абзал Қасымжанов.