Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр

11:21, 02 қараша 2024 1089

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2024 жылы 1 қарашада журналистермен болған кездесуде жұмыс істейтін зейнет жасындағы адамдарға зейнетақы төлеуді доғару туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.KZ  ұлттық порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Светлана Жақыпова қазір зейнет жасына жеткендердің көпшілігі жұмыс істеп, зейнетақы мен жалақыны қатар алып жүргенін айтады.

«Олар жұмысынан кеткісі келмейді, өйткені сол өздеріне ыңғайлы, жиған-терген білімі, тәжірибесі сұранысқа ие, сондықтан олар жұмысында қала береді. Мұндай жағдайда бюджеттен төленетін төлемдерді олар зейнетке шындап шыққанға дейін доғара тұру ұсынылады», – дейді ол.

Оның айтуынша, үнемделген қаражат 55 жасында зейнетке шыққысы келетіндерге төлеуге бағытталуы мүмкін.

«Бұл тек талқылау сатысындағы дүние. Өткен аптада біз сарапшылармен кездестік. Кейбірі сондай ұсыныс тастағаны рас. Қысқасы, бұл әзірге талқылау сатысындағы нәрсе. Әкімдер де, министрлер де мемлекеттік қызметшілер, олар, мәселен келісімшарт бойынша бір жылға қалуы мүмкін, келісімшарт бір жылға ұзартылуы мүмкін, содан соң олар зейнетке шығуы керек. Мысалы, менен зейнет жасына жеткен соң жұмыс істейсіз бе деп сұрайды. Мен жұмыс істейтінімді айттым. Менің ғылыммен айналысуға немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Тиісінше, мен осы салаларда жұмыс істей аламын, егер солай жасасам, онда мен зейнетақысыз, тек жалақыға өмір сүретін боламын», – деп түсіндірді Еңбек министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, бұл норманы қодау-қолдамау қазақстандықтардың еншісіндегі дүние. 

«Егер барлық азамат: "О, бұл жақсы ғой. Маған зейнетақының керегі жоқ, ары қарай жұмыс істей бергім келеді" деп жатса, жақсы ғой. Ал кім ертерек зейнетке шыққысы келеді? Бұл мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, көп балалы аналар, қауіпті және қиын еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер. Олардың бірнеше санаттары бар. Сондықтан мұндай таңдау құқығын қоғамға беру керек және оны қоғам өзі талқылауы тиіс», - деді Светлана Жақыпова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар