Бүгін Республикалық «Көкпар» федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Отырыс барысында федерацияның өткен жылға қорытындысы тыңдалып, биылға жоспары айтылады. Сонымен қатар Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов Көкпар федерациясының жаңа Президентін тағайындау туралы ұсыныс білдіріп, Айдарбек Қожаназаров сайланды.
«Бауыржан Әбдірашитұлы өз еркімен құзыреттілігін тоқтатты. Саланың дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Осыған орай қазіргі Мәжіліс депутаты, Көкпар Федерациясының құрметті Президенті, ұлттық спорттың басы-қасында жүрген Айдарбек Қожаназаров сайланды. Көпшілігіміз жақсы танимыз, Қостанайда көкпарды дамытып, үлкен деңгейге көтере алды. Сіздің тізгінде федерация дами түседі деген сенімдемін»,- деді Еркебұлан Ілиясов.
Көкпар федерациясының жаңа Президенті сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, саланың дамуы үшін қандай шара қолданатынымен бөлісті.
«Көкпар спортынан «Қазақстан Көкпар Лигасын» бастаймыз. Жүлде қоры 25 млн теңгені құрайды. Қазір басқа спорттық шаралар кестесін қарап, лиганы өткізу уақытын нақтылаймыз. Сонымен қатар көкпарды аймақтарда кеңінен насихаттау үшін барлық облыста федерация филиалдарын ашып, маркетинг, жарнама жағын күшейтеміз. Чемпионаттың жүлде қорын көбейтіп, жақсы ойын көрсеткен командаларға ынталандыру сыйлығын қарастырамыз», - деп атап өтті Қожаназаров.
Сонымен қатар Чемпионат барысында жекелеген спортшылар мен жақсы дайындалған аттарға белгілі бір номинациялармен ынталандыруды көзделіп отыр. Салым салған ат иесіне де жүлде қорының белгілі бір пайызын беру қарастырылған. Бұл ат иесі көкпаршыларға атын бермей қоятын жағдайлардың алдын алу үшін жасалып отыр.
Конференция қорытындысында Көкпар спортының бүгінгі ахуалы талқыланып, Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатының жеребесі өтті.