Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Жоғары нәтиже”: Еліміздің дарынды оқушылары Грекияда өткен халықаралық робототехника чемпионатында жүлдегер атанды

18:22, 18 мамыр 2026

Қазақстандық оқушылар Грекияда өткен халықаралық робототехника чемпионатында жүлдегер атанды, деп жазады Alash.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, Түркістан облысы Қазығұрт ауылының Qazygurt командасы Грекияда (Коринф қ.) өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі орынға ие болды.

Жарысқа 56 елдің жас инженерлері қатысты. Қазақстандық оқушылар АҚШ, Жапония, Бразилия, Германия, Қытай, Испания және Түркия қатысушыларымен бәсекеге түсті. Чемпионат қорытындысы бойынша олар Champions Award номинациясында екінші орын иеленді.

Құрамада Бауыржанқызы Арайлым, Абдрай Ернұр, Жаркинбек Інжу, Амангельдиев Абзал, Жетпіс Ерасыл, Өтепберген Нұрбек, Айбек Еркебұлан және Кенесов Диас өнер көрсетті. Олар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназияда, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде және А.С. Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектепте оқиды.

Команданың жетекшілері: Оразхан Бексұлтан, Тастан Ербол, Үстенов Нұрсұлтан, Нышан Қайыркен және Алимкулов Қуаныш.

Qazygurt командасы халықаралық чемпионатқа жолдаманы Alem Tech Fest жарысында жеңіп алған болатын. Аталған жарыс ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен болатын.

Команда халықаралық додаға шамамен бір жыл дайындалып, жоғары нәтиже көрсетті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар