Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жігітім жоқ". Әбиба Әбужақынова сыр ашып, қандай азаматқа тұрмысқа шыққысы келетінін баяндады

10:49, 01 тамыз 2024 1686

Белгілі спортшы, елдің аяулы қызы Әбиба Әбужақынова Олимпиадада қола жүлде үшін белдесуде швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, 5-орынға табан тіреген еді. Кейіннен халқынан кешіріп сұрап, алда сенім ақталатынын айтты. Сонымен қатар, қандай азаматпен жүрек бауын байлайтынын да баяндады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы ҚазАқпарат агентігіне сілтеме жасап.

Қазақстандық спортшы өзінің қазір қандай сезімдерді кешіп жатқанын баяндады: 

"Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ" деп жатушы еді ғой. Әрең дегенде өз-өзіме келіп қалдым. Десе де ішімді әлі де өкініш оты жандырып, күйдіріп тұр. Бірақ қайдан, қалай жығылдым, сол жерден қайта солай тұруға серт еттім өзіме", - деді Әбиба.

Сонымен қатар, қазақстандық дзюдошы спорттық мансабы жайлы жоспарларын да баяндап, Парижде жүлдегер атанса, белдесуді аяқтауды ойлағанын баяндады:

"Дзюдодан қазақ қыздары арасында мен тұңғыш рет әлем чемпионатының жүлдегері атандым. Олимпиада ойындарында да тура солай алғашқы қазақ қызы болғым келген. Өкінішке қарай Парижде ол мүмкіндік ұстатпай кетті. Бірақ бәрі бір сол арманға, сол мақсатқа қол жеткізбей тоқтамаймын деп бел буып отырмын. Лос-Анджелестің ауылы да алыс емес. Әне-міне дегенше олда келіп қалады", - деді Әбиба.

Спортты серік еткен Әбужақынованың тұрмыс құруға қатысты жоспары жоқ. Олимпиада биігіне шығуына демеу болатын азаматқа тұрмысқа шыққысы келетінін де хабарлады: 

"Негізі осы Олимпиадада сол арманым орындалғанда міндетті түрде болашақ жарымды тауып, тұрмысқа шығып, бесігімді тербетіп үйде отырғым келген. Осы жолы жеңіліп қалғаннан кейін ол ойымнан айнып қалдым. Қазір жігітім де жоқ. Егер мені түсініп, 2028 жылғы Олимпиадаға дейін күтемін деген азамат болса, тұрмысқа шығуға дайынмын", - деді қазақстандық спортшы.

Еске салайық, дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының тағы бір мүшесі Эсмигүл Куюлова Париж Олимпиадасының 1/16 финалында Аустрия өкілі Лубьяна Пиовесанадан жеңіліп қалды. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар