Батыс Қазақстан облысында бес адам, оның ішінде полицей жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы «Уральская неделя» басылымы хабарлады, деп жазды Alash.KZ. ұлттық порталы.
Azattyq Rýhy агенттігінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 24 тамыз күні сағат 7.00 шамасында Жалпақтал кентінің маңындағы Казталовка-Орал тас жолында болды. Автокөлік жол бойында тұрған шөп тиелген жүк көлігімен соқтығысқан.
Автокөлікте бес адам болған. Төртеуі оқиға орнында қаза болды, ал бесіншісі кейінірек ауруханада қайтыс болды.
Қаза тапқандардың бірі – Казталов полиция бөлімінің бірінші орынбасары, полиция майоры Марлен Қарабаев екені анықталды. Онымен бірге жұбайы қайтыс болды. Олардың бес баласы қалды.
Аталмыш басылымның мәліметінше, қайтыс болғандардың барлығы сыныптас болған. Қаза болғандар арасындағы тағы бір ерлі-зайыптының жеті баласы бар.