Астанада мас күйінде көлік жүргізгені үшін Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Alash.kz
Әлеуметтік желіде Астанада екі жол-көлік оқиғасына қатысқан Toyota Land Cruiser жүргізушісінің ұсталған сәті түсірілген видео тарады. Полиция жүргізушінің бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екенін растады.

Полицияның мәліметінше, жүргізуші бірнеше жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан кетіп қалған. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның көлігі анықталып, жүргізуші ұсталды.
Оған алкогольдік масаң күйде көлік басқару, жол-көлік оқиғасын жасап, көлік құралдарына зақым келтіру және жол апатынан кейін заңнамада көзделген міндеттерді орындамау фактілері бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты істі қарап, Данияр Елеусіновті кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Полиция мас күйінде көлік жүргізу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретін өрескел заң бұзушылық екенін еске салды. Сонымен қатар, Астана қаласының Полиция департаменті заң талаптарын бұзған азаматтардың жауапкершіліктен жалтаруына жол берілмейтінін мәлімдеді.