Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Желге ұшқан ақша: Қазақстан бюджетінің 133 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалғаны анықталды

14:35, 24 желтоқсан 2025

Қазақстанда бюджеттік қаражаттың 133 миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалғаны анықталды, деп хабарлады Alash.kz.

Қазақстанда аудиторлық тексеру нәтижесінде 133 миллиард теңге бюджеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болды. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен болып шықты: кей жобаларда өндіріс іске қосылмаған, бірақ салық түсімдері кәсіпкердің бұрынғы қызметінен өсіп отыр. 

Бүгін Мәжілісте сөйлеген Жоғары аудиторлық палатасының басшысы Әлихан Смайылов бюджет қаражатының пайдаланылуындағы бұзушылықтар жайлы баяндады.

“Жалпы, бюджеттік қаражатты жоспарлау мен пайдалану кезінде 133 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Оның ішінде 132 миллиард теңге қаржылық есептің бұрмалануы және 13 миллиард теңге қаржылық бұзушылықтар болып отыр”, – деді ол.

Әлихан Смайыловтың мәліметінше, 14 материал құқық қорғау органдарына, ал 105 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберіледі.

Ол сондай-ақ мемлекеттік қолдау нәтижелеріне тоқталып, “Қаржылық қолдау шаралары бойынша төленген салықтардың өсуі жобалардың 64%-ында қамтамасыз етілген. Бірақ бәрінде емес — кейде салық өсімі қолдау шараларынан тәуелсіз, кәсіпкердің бұрынғы қызметінен келеді”, – деді.

Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 миллиард теңгеге инженерлік желілер тартылған. Қазақстанда мемлекеттік қолдау жылдар бойы бірнеше компанияға шоғырланып келген.

Еске салсақ, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата “Самұрық-Қазына” қоры мен оның компанияларынан көптеген кемшіліктер анықтаған еді. Трансформация бағдарламасы жоспарланған нәтижеге жетпеген, корпоративтік басқару әлсіз, стратегиялық құжаттар сапасыз дайындалған. Ақпараттық жүйелер толық жұмыс істемейді, кей есептер қолмен жүргізіледі. Қор құрылымы күрделі, ондаған компания шығынға жұмыс істеген. 2020–2024 жылдар аралығында инвестжобалардың тек аз бөлігі ғана аяқталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар