АҚШ президенті Дональд Трамп Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға аттанар алдында Ақ үйдің брифинг залында күтпеген мәлімдеме жасап, Гренландияға қатысты амбициясын тағы бір мәрте растады. Бұл оқиға Еуропамен арадағы сауда соғысының шиеленіскен шағында орын алып отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналистердің аралды иелену үшін қандай қадамдарға баратыны туралы сауалына Трамп:
«Жақында білетін боласыздар», - деп қысқа қайырды.
Сондай-ақ ол НАТО одақтастарымен ортақ мәмілеге келетініне сенім білдіріп:
«Меніңше, біз бір шешімге келеміз, сонда НАТО да, біз де өте риза боламыз», - деп атап өтті.
Ақ үй басшысының айтуынша, Гренландия АҚШ-қа Қытай мен Ресейден келетін қауіптерді тежеу үшін стратегиялық тұрғыдан қажет.
Алайда Еуропа елдері Данияның аумақтық тұтастығын қорғауға бейілді екенін көрсетіп, аралға өз әскерлерін жіберген. Бұған жауап ретінде Трамп Ұлыбритания, Франция және Германияға жаңа тарифтер енгізумен қоқан-лоқы көрсетті.
Ол еуропалық серіктестерінің Америкамен инвестициялық келісімге мұқтаж екенін алға тартып: «
Оларға бізбен арадағы бұл келісім өте қажет», - деп мәлімдеді.
Саяси шиеленіспен басталған сапар техникалық ақаумен жалғасты. Сейсенбі күні кешке Швейцарияға бет алған президенттің Air Force One ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін бір сағаттан соң Эндрюс базасына кері оралды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт мұны электр сымдарындағы ұсақ ақаулармен түсіндіріп, сақтық шарасы үшін осындай шешім қабылданғанын жеткізді.
Қазіргі уақытта Дональд Трамп басқа ұшаққа ауысып мініп, Давостағы форумға сапарын қайта жалғастырды.