Маңғыстау облысында мектеп оқушылары жаппай уланды: асхана қызметкерлеріне айыппұл салынды, деп хабарлайды Alash.kz
Маңғыстау облысында балалар уланған мектеп асханасының қызметкерлері жалған санитарлық кітапшалар пайдаланғаны анықталды. Жауапты тұлғалар жазаға тартылды.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылындағы №8 мектептің 1-4 сынып оқушылары асханада жаппай уланған болатын. Дәрігерлерге 450-ден астам адам жүгінді, екі бала жансақтау бөліміне жатқызылды.
Аталған жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі («Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, желтоқсан айында мектеп асханасының төрт қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.