Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы жұбайына шабуыл жасап, денсаулығына ауыр зақым келтірген ер адамға қатысты сот үкімі шығып, жәбірленуші тарап тағайындалған жазамен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
6 қараша күні өткен сот отырысында айыпталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жәбірленушіге 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда бұл шешім 40 жастағы Самар ауылының тұрғыны Мадина Нұрғалиеваны есеңгіретіп тастаған. Оның айтуынша, белгіленген өтемақы сомасы тіпті ем-дом шығындарын да жаппайды, ал бұрынғы күйеуінің әрекеті анағұрлым ауыр баппен саралануы тиіс еді. Оның үстіне экс-күйеуі сот процесі кезінде де оған қоқан-лоқы көрсетуін тоқтатпаған.
Қанды оқиға шілде айының соңында тіркелген болатын. Бұрынғы күйеуі әйелді өзі жұмыс істейтін дүкенде кездестіріп, кеңсе пышағымен бірнеше мәрте жарақат салған. Шабуыл салдарынан жәбірленуші құлағының бір бөлігінен айырылып, ауыр психологиялық соққы алған. Алда әлі талай медициналық тексеру мен ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұрған әйел есту қабілетінің күрт нашарлағанын жеткізді:
«Әлі толық қалпыма келген жоқпын. Қатты шу болса, бірден құлағыма әсер етіп, тартылып қалады. Бір құлағымда екінші дәрежелі, екіншісінде бірінші дәрежелі кереңдік бар», — деді Самар ауылының тұрғыны Мадина Нұрғалиева.
Құқық қорғаушы Гүлнар Омарова да мұндай жағдайларда агрессорды жазалаумен шектелмей, жәбірленушіні толық оңалту аса маңызды екенін алға тартты. Маманның пікірінше, моральдық және материалдық өтемақы көлемі емделу, пластикалық ота жасату және психологиялық көмек шығындарын толық қамтуы қажет. Сонымен қатар сотталған азамат бостандыққа шыққан соң әйелдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс:
«Жазасын өтеп шыққаннан кейін де ол одан бетер қатыгезденіп, агрессиясы күшейіп, бұл адамға тыныштық бермеуі мүмкін. Сондықтан әйелдің қауіпсіздігін бақылау тиісті деңгейде жүргізілуі өте маңызды», — деді Гүлнар Омарова.
Қазіргі таңда Мадина Нұрғалиева сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, бұрынғы күйеуіне қатаңырақ жаза тағайындауға қол жеткізуге бекініп отыр.