Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіргені үшін айыпталған П. есімді азаматқа қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға биылғы 17 сәуір күні сағат 18:00 шамасында Ақтау қаласының шетіндегі жылу трассасы құбырларының маңында орын алған. Сол күні П. мен Д. есімді азаматша бірге алкогольдік ішімдік ішкен. Отырыс кезінде Д. танысының марқұм анасын балағаттап, ар-намысына тиген. Салдарынан екеуара жанжал туындап, П.-да әйелді қасақана қазаға ұшырату ниеті пайда болған.
Алдымен жәбірленушінің бетіне жұдырықпен ұрып құлатқан күдікті, кейін оның денесіне аяқпен бірнеше рет соққы жасаған. Алған ауыр жарақаттар мен қатты қан жоғалту салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Жәбірленушінің қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін, қылмыскер үйінен дизель отынын әкеліп, із жасыру мақсатында марқұмның киімдерін шешіп, денесін өртеп жіберген де, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сотта ұсынылған барлық дәлелдемелер жиынтығы мен сотталушының жеке басы жан-жақты сараланды. Нәтижесінде сот П.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танып, оған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу арқылы 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап қоюын қанағаттандырып, 5,5 миллион теңгеден астам соманы өндіру туралы шешім қабылдады.