Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Атышулы жемқорлық ісіне қатысы бар ма? 8 шабадан ақша!»: Астанадағы оқиға туралы тұрғындар не дейді? (ФОТО)

14:45, 12 қараша 2026

Елорда орталығындағы «Atlant-6» тұрғын үй кешенінің ауласынан іші долларға толы шабадандар мен буда-буда ақша табылып, дәл осы тұста «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қараша күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, ҚТЖ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстағанын ресми түрде растады. Күдіктілер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталуда, алайда тергеу құпиясына байланысты толық ақпарат жарияланбады. Дереккөздердің мәліметінше, қос компанияның басшылары уақытша ұстау изоляторына қамалып, оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 4-бөлігі — аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу дерегі бойынша іс қозғалған. Бір қызығы, «Самұрық-Қазына» қорының кеңсесінде жұмыс қалыпты ырғақпен жүріп жатыр, ал ғимарат күзетшілері төрағаның ұсталғанынан мүлде бейхабар болып шықты.

Осы атышулы оқиғамен тұспа-тұс, 12 қараша күні таңертең Қонаев көшесі, 5-мекенжайында орналасқан «Atlant-6» тұрғын үй кешенінің пандусы маңынан сегіз шабадан мен шашылып жатқан доллар купюралары табылды. Оқиға орнына барған тілшілер аулада қоршау болмағанын, тек бірінші кіреберіс маңында тергеу амалдарын жүргізіп жүрген қара киімді қызметкерлердің жүргенін байқаған. Жергілікті тұрғындар таңғы сағат тоғыздар шамасында аулада полицейлердің көп болғанын растағанымен, камера алдында сөйлеуден бас тартқан. Оның үстіне кешен күзетшісі журналистердің «күзетілетін жеке аумақта» жүргенін алға тартып, түсірілім жасау үшін барлық тұрғыннан рұқсат алуды талап еткен және полиция шақыртып шағымданған.

Ulysmedia.kz порталы

Куәгерлердің айтуынша, ауладағы қарбалас 11 қараша күні кешкісін басталған. Көрші үйдегі дүкен сатушысы қараңғы түскен шақта үй маңына арнайы көліктер келгенін жеткізді:

«Бұл жерде жыпылықтаған шамдары бар көліктер тұрды. Біз дүкенді жауып жатқанда, сағат 21:20 шамасында бұл жерде қара киім киген адамдар көп болды. Олар бір көліктің жанында топталып, бірдеңе істеп жатты, не екенін білмеймін. Біреуді ұстап жатқанын немесе алып шыққанын көрген жоқпын, бірақ бір жағдай болып жатқаны байқалды. Қарбалас болды», — деді ол.

Ал шабадандардың терезеден лақтырылған сәтін қарсы беттегі үйдің тұрғыны Гүлжан өз көзімен көрген. Ол ақшаның 12-қабаттан ұшып түскенін айтты:

«Терезеден тек бірдеңенің ұшып, шашылып жатқанын ғана көрдім, болды. Он екінші қабаттан. Мен балаларға таңғы ас дайындап жатқанмын. Әрине, есеңгіреп қалдым. Қаншама ақша! Өте көп болды. Нақты қанша екенін білмеймін. Буда-буда болып жатты», — деп еске алды куәгер.

Таңғы сағат жетілер шамасында жұмысқа бара жатып, кіреберістегі буда-буда ақша мен шабаданды алғашқылардың бірі болып көрген Руслан есімді азамат та таңданысын жасырмады. Артық мәселеден қашып, ақшаға жақындамаған жігіт кейін оқиға орнына патрульдік көлік келгенін көрген:

«Шамасы, жаңа әрі жақсы өмір бастауға жететіндей өте көп ақша болды. Біреудің жолы қатты болды, әрі жолы болмады, өйткені ешкім жайдан-жай ақшаны лақтырып тастамайды ғой», — деді Руслан.

Қазіргі таңда көшеде шашылып жатқан қыруар қаржының нақты кімге тиесілі екені ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар