Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Kyzdar.net сайты арқылы табыс тапқан: іздеудегі қылмыстық топ мүшесі Қазақстанға жеткізілді

13:41, 12 қараша 2026

Қазақстанға Грузиядан халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы экстрадицияланды. Ол Kyzdar.net сайты арқылы интимдік қызметтерді жарнамалау схемасынан пайда тапқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болуы мүмкін деген күдікке ілінді, деп жазады Alash.KZ.

Қылмыстық топтың өзге қатысушылары бұған дейін сотталып, түрмеге қамалған. Ал экстрадицияланған әйелге мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Бұл туралы 12 қарашада Қазақстанның Бас прокуратурасы мәлімдеді.

Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық топ Kyzdar.net интернет-сайты арқылы заңсыз табыс табудың арнайы жүйесін жолға қойған. Платформада ақылы интимдік қызмет ұсынатын әйелдердің анкеталары жарияланып отырған.

Схемаға қатысушылар сайт қолданушыларынан шотты толықтыруға қатысты өтінімдерді қабылдап, аударылған қаражаттың белгілі бір бөлігін комиссия ретінде алып отырған. Ал қалған соманы интернет-платформаны ұйымдастырушыларға жіберген.

Осылайша, күдіктілер интимдік қызметтер жарнамаланатын сайттың қаржылық операцияларын жүргізуге қатысып, одан тұрақты пайда тауып келген деген болжам бар.

Қылмыстық топ мүшелері халықаралық іздеуге жарияланған

Аталған қылмыстық іс бойынша ұйымдасқан топтың бірнеше мүшесі бұған дейін сот үкімімен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Дегенмен тергеуден жалтарған кейбір күдіктілердің арасында Өзбекстан азаматы да болған. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл шілде айында күдікті әйел Грузия аумағында қолға түскен. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының ресми сұрауы негізінде оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін елге экстрадициялау туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта әйел тергеу изоляторына қамалған. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, экстрадицияланған азаматтың кінәсі әзірге сотта дәлелденген жоқ. Оның қылмыстық іске қатысы бар-жоғына және қандай жаза тағайындалатынына қатысты соңғы шешімді сот шығарады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар