Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Рахымбек Әміржанов 62 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қаралы хабарға байланысты Түпқараған ауданының әкімдігі, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, ресми түрде көңіл айтты.

Аудан әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған жазбада Рахымбек Әміржановтың өңірдің өркендеуіне зор еңбек сіңірген білікті басшы болғаны атап өтілген:
«Ол саналы ғұмырын ел игілігіне, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне арнады. Соңында өшпес із, жарқын үлгі қалдырды. Парасатты тұлғасы, іскерлік қабілеті мен адамгершілік қасиеттері замандастары мен әріптестерінің жадында мәңгі сақталады», — делінген ресми хабарламада.