“Самұрық-Қазына” АҚ мен қор тобының компаниялары өз қызметін штаттық режимде жалғастырып жатыр. Сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуынан кейін компанияның баспасөз қызметі осындай мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.KZ.
Компанияның Telegram арнасында жарияланған мәлімдемеде былай делінеді:
“Инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер өз күшін сақтайды және қолданыстағы келісімдердің талаптарына сәйкес орындалады”.
Сондай-ақ қордың инвестициялық жобалары мен стратегиялық бағдарламалары бекітілген жоспарларға сәйкес іске асырылып жатқаны да нақтыланады.
“Қор қаржылық және институционалдық тұрақтылығын сақтап, стратегиялық қызметтерді орындауды жалғастыруда әрі қазақстандық және халықаралық инвесторлар үшін сенімді серіктес болып қала береді. “Самұрық-Қазына” АҚ өз міндеттемелерінің өзгеріссіз қалатынын және барлық серіктестерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растайды”.