«Миллион» командасы арқылы танылған белгілі әзілкеш, Түркістан облысы күрес федерациясының медиа саласы бойынша вице-президенті Мансар Орынхан отбасы төңірегінде өрбіген әңгімелерге қатысты пікір білдіріп, жұбайымен арадағы түсініспеушіліктің толық шешілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін әзілкештің жұбайы Нұрайым Халила өзінің Instagram парақшасында жазба жариялап, күйеуінің алты күн бойы үйге қонбағанын және өзін барлық байланыс арнасында бұғаттап тастағанын айтқан болатын. Оның сөзінше, мұндай жағдай бұған дейін де қайталанған. Сонымен қатар үш баланың анасы тұрып жатқан баспананы өздеріне қалдыруды сұрап, үйден ешқайда кетпейтінін жеткізген еді.
Мансар Орынхан бұл жайында өз пікірін айтты:
«Ешқандай отбасы ажыраспасын, балалар жетім қалмасын! Алладан тек соны тілеймін.
Менің ең үлкен байлығым — менің отбасым. Оны дәлелдемесем де, бәрі белгілі.
Менің отбасыма менен артық ешкімнің жаны ашымайды және жақсы көрмейді.
Әйелімді маған қарсы айдап салып жатқан кейбір адамдар, қандай жиіркенішті едіңдер!
Мен отбасымды сақтап қалу үшін барлығын жасаймын. Жасап та жүрмін!»
Аталған жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, қоғамда түрлі пікір тудырған соң, Мансар Орынхан жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, бұл жайтты жұбайының эмоцияға берілуімен байланыстырды:
«Бізде бәрі дұрыс, бәрі шешілді. Жас отбасы болған соң, ондай жағдайлар болып тұрады. Әйел адам эмоцияға беріліп, ренішін әлеуметтік желіге жазған. Оны адамдар әрі қарай өрбітіп жіберді», — деді Мансар Орынхан.
Айта кетейік, бұған дейін тағы бір танымал блогер Елдос «Колобоктың» ұлы бір жасқа толғаны белгілі болған еді.