Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Alash.kz ұлттық порталы жаңа жылдық құттықтаулар мен тілектер ұсынады.
Құрметті _________
Cізге және Сіз басқарып отырған ұжымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!
Жаңа жыл әр адамға, әрбір отбасыға, жалпы, адамзат баласына ерекше бір көңіл-күймен қатар жаңа серпіліс, тың идея, жаңаша бағыт-бағдар әкелетін ерекше кезең. Жаңа жыл – өткен күнге есеп беріп, алдағы күнге мақсат-міндеттер айқындайтын шешуші сәт. Осы шақта Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, жаңа бастамалар тілеймін! Жаңа жыл тек игі жақсылықтардың, шаттық пен қуаныштың, ырыс пен берекенің жылы болсын!
***
Құрметті __________
Табалдырықтан аттаған Жаңа жылымыз құтты болсын! Бұл жыл жақсылық пен жаңалықтың, бақ пен берекенің, ынтымақ пен бірліктің, табыс пен сәттіліктің жылы болсын! Әр бастамаңыз оңынан болсын!
***
Құрметті әріптес!
Жаңа жыл Сізге тек жақсылық әкелсін! Кәсібіңіз дөңгелеп, «Айыңыз оңынан туып», «Асығыңыз алшысынан түссін!». Әрбір игілікті бастамаңызға Алла Тағала жар болсын!
***
Құрметті шәкірттерім!
Келіп жеткен Жаңа жылдарың құтты болсын! Сендер – ел ертеңі әрі тірегі болар азаматсыңсыңдар! Сондықтан да еліміздің өркендеп дамуы сендердің қолдарыңда! Біз сендерге үміт артамыз және үлкен сенім білдіреміз! Алатын асуларың алдарыңда! Білім мен ғылым жолында талмай қанат қағып, тек биікке ұмтылыңдар! Мемлекет мүддесіне тек біліммен ғана қызмет ете алатындарыңды үнемі есте сақтаңдар! Жаңа жылда жетер жетістіктерің көп болсын!
***
Аяулы құрбым (сіңілім, бауырым)!
Жаңа жыл отбасыңа амандық, деніңе саулық, еңбегіңе табыс әкелсін! Қыстың аппақ қарындай көңілің ақ, қыстың ұзақ түніндей өмірің ұзақ, қыстың таза ауасындай ниетің таза болсын!
***
Құрметті ағайын!
Жаңа жыл құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке ұялап, босағасы берік болсын! Төріңізден құт кетпесін, дастарқаныңыз мол болсын! Ұрпағымыз салиқалы, боашағымыз жарқын, күніміз нұрлы, өміріміз мәнді болсын! Ел іргесі бүтін болып, татулық пен ынтымағымыз нығая берсін!
***
Жас дос!
Жаңа жыл – асқақ армандар мен биік мақсаттардың, ұлы мұраттардың жылы! Осы жолда ұстар бағытың айқын, жолың ашық, ниетің түзу болсын! «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» – деп Абай атамыз айтқандай, жасыңнан дұрыс жолды таңда! Осы жолда темірқазығың – ұлттық рух пен тәрбие, ақыл мен білім, әділдік пен жауапкершілік, мейірім мен адалдық болсын! Сонда ғана ел үмітін ақтар азамат боларың анық!