Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баян Алагөзова Аман Тасығанның «Talk Like» жобасында қонақта болып, марқұм әкесімен арадағы қарым-қатынасы мен отбасындағы тәрбие туралы тебірене баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.
Продюсердің айтуынша, олардың шаңырағында әкесінің сөзі екі етілмейтін, бұлжымас қағида болған.
«Әкеміз отбасымызда бәріміз үшін сөзсіз беделді тұлға саналды. Ол кісі қандай да бір шешім қабылдаса, ешкім қарсы келіп, сөз қайтармайтын. Әкемнің айтқаны үйдің негізгі заңы болып саналатын», - деді ол.
Баян Мақсатқызы әкесінің мінезін тіпті де қатал деп санамайтынын, керісінше, оның бойынан ерекше мейірім мен жылулықты сезініп өскенін айтады. Десе де, сол кезеңдегі қалыптасқан тәрбиелік тыйымдар салдарынан балалары әкесіне барып еркелеуге, оны құшақтауға бата бермеген. Әкесінің маңдайынан иіскеп, «қызым» деуінің өзі балалар үшін үлкен марапатпен пара-пар болған.
«Әкем мені үнемі тізесіне отырғызып, құшағына ала бермейтін. Сонда да маңдайымнан өбіп, «қызым» деп айтқан сөзі маған әлемдегі ең үлкен мейірім болып көрінетін. Егер қазір уақытты артқа қайтару мүмкіндігі туса, қайтадан кішкентай қыз болып, әкемнің қасына отырып, иығына басымды сүйеп, ұзақ уақыт құшақтар едім», - деп ағынан жарылды продюсер.
Сондай-ақ, ол әке шаңырағында көрген тәрбие мен салт-дәстүрдің кейбір элементтері әлі күнге дейін өзінің күнделікті өмірінде сақталғанын жеткізді. Мәселен, ас дайындалғанда ең алдымен оны отағасы алып, кейін отбасының өзге мүшелері асқа қол созуы - сол тәрбиенің көрінісі.
Бұдан бөлек, Баян Алагөзова бүгінгі қоғамда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас тек сыйластықпен шектелмей, достық сипатта болуы тиіс деп есептейді. Сол себепті өзінің перзенттеріне әкелерімен еркін тілдесіп, кез келген мәселені ашық талқылауға, келіспейтін ойларын ашық айтуға мүмкіндік бергенін тілге тиек етті.
Продюсердің пайымынша, әкеге деген құрмет сезімі астында қорқыныш пен алшақтық жатпауы керек. Басқаша айтқанда, бала сыйлай білумен қатар, өз эмоциясы мен сезімін әкесіне еркін жеткізе алуы маңызды.