Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қырғызстан Қазақстанның жеңісін ресми түрде мойындап, ойындағы дауға нүкте қойылды

19:04, 07 қыркүйек 2026

Қырғызстан тарапы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық медаль есебінде Қазақстанның бірінші орын алғанын ресми түрде растады деп хабарлайды Alash.kz сайты Stan.kz ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылғы Көшпенділер ойындары үлкен спорттық мерекеге айналған. Ол әсіресе көкпар мен жамбы ату жарыстарын атап өтіп, Қазақстан мен Қырғызстан спортшылары арасындағы тартысты бәсекеге тоқталды.

«Командалық есепте медальдарды санау кезінде ғана техникалық сәйкессіздік орын алды. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!» – деп жазды Алагөзов.

Медальдарды есептеу кезінде түсініспеушілік болған

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысының мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған даудан кейін жасалды.

Бұған дейін желі қолданушылары Қазақстанның үш алтын медалінің қорытынды есептен түсіп қалғанына назар аударып, ұйымдастырушылардан түсініктеме талап еткен.

Алғашында Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама жалпы медаль есебінде бірінші орын алғанын хабарлаған. Қазақстан спортшылары 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, барлығы 74 жүлде еншілеген.

Қырғызстан құрамасы 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медальмен, жалпы 84 жүлде жинаған.

Алайда Қырғызстанда медальдар басқаша есептелді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми Instagram парақшасында жарияланған кестеде Қырғызстан 30 алтын медальмен бірінші орынға, ал Қазақстан 29 алтынмен екінші орынға қойылды.

Кейін бұл жарияланым әлеуметтік желіден өшіріліп, қайта жарияланды. Артынша тағы да алынып тасталды.

Қырғызстан тарапы: елдер арасында ресми есеп жүргізілмейді

Даудың күшеюіне байланысты Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі де түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, қатысушы елдер арасында ресми медальдық немесе жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.

Осыдан кейін Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысын жариялап, Қырғызстан халқына қонақжайлығы мен жылы қабылдауы үшін алғыс білдірді.

Ұйымдастыруға қатысты басқа да сұрақтар туындады

Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығы медальдарды есептеумен ғана шектелген жоқ.

Желіде ойындарды ұйымдастыруға қатысты басқа да олқылықтар талқыланып, ұйымдастырушыларға түрлі сұрақ қойылды.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар