Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда орналасқан «Оптимист» саяжай қоғамының аумағынан екі адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқ тиіп қаза тапқан 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің денесі 6 қыркүйек күні анықталған. Кейіннен белгілі болғандай, марқұмдар аталған саяжай қоғамының төрағасы мен қоғамдық белсенді болып шықты.
Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері бірден қылмыстық іс қозғап, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің арқасында сұмдық қылмысқа күдікті ретінде 56 жастағы азамат ұсталды.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті берген мәліметке сәйкес, ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда бұл қылмыстың жасалу себептері мен барлық мән-жайын анықтау бағытында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.