Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шамалғандағы өлім: Кәмелетке толмаған бала адам өліміне кінәлі ме?

21:33, 07 қыркүйек 2026

Алматы облысының Шамалған ауылында мопед мінген кәмелетке толмаған жасөспірім велосипедпен келе жатқан ер адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азамат кейін ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Alash.kz ,DalaNews.kz-қа сілтеме жасап.

Оқиға 2 мамырда болған. Ер адам велосипедпен базарға бара жатқан кезде мопед тізгіндеген жасөспірім оны қағып кеткен. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, бас сүйегінен зақым келген. Дәрігерлер ота жасағанымен, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, жол апатынан кейін оның еміне қажетті дәрі-дәрмектің бір бөлігін отбасы өз қаражатына сатып алған. Кейбір медициналық препараттарды тіпті Ташкенттен алдыруға тура келген. Ал жасөспірім тарапынан ем-дом шығынына шамамен 180 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Заңгер Абзал Қасымжановтың түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасында қылмыстық жауапкершілік негізінен 16 жастан басталады. Ал абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу бойынша жауапкершілік 14 жастан басталатын қылмыстардың қатарына жатпайды. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған жасөспірімді бұл бап бойынша қылмыстық жауапқа тарту мүмкін емес.

Дегенмен бұл полиция жол апатының мән-жайын анықтамауы керек деген сөз емес. Құқық қорғау органдары оқиғаның қалай болғанын жан-жақты зерттеп, жол-көлік оқиғасы мен азаматтың қайтыс болуы арасында тікелей себептік байланыс бар-жоғын сараптама арқылы анықтауы қажет.

Сонымен қатар жауапкершілік мәселесі тек жасөспірімнің жасына тірелмейді. Кәмелетке толмаған баланың мопед басқаруына қалай жол берілгені, оның көлік құралын пайдалануына кім бақылау жасағаны және жол қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шараларының қаншалықты тиімді болғаны да назарға алынуы тиіс.

Марқұмның отбасы жол апатына кінәлі тараптардың әрекетіне құқықтық баға беруді, сондай-ақ жерлеу мен емге кеткен шығындарды және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.

Оқиғаға байланысты Алматы облысының полиция департаментіне сауал жолданған. Алайда материал жарияланғанға дейін полиция тарапынан ресми жауап берілмеген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар