Геосаяси ахуал мен экономикалық факторларға байланысты Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран ұшыру жиілігі едәуір бәсеңдеді. Тарихи кешеннің ары қарайғы тағдыры, «Союз-5» зымыранының сынақтары мен ғарыш айлағының жабылу қаупі туралы «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының басқарма төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары Байқоңырдан әуеге көтерілетін кемелер санының азайғаны жасырын емес.
«Байқоңыр ғарыш айлағы – ғарыш дәуірінің басталуымен байланысты аты аңызға айналған ғарыш айлағы. Алғашқы жер серігінің ұшырылуы, адамның алғаш рет ғарышқа ұшуы, ғарышқа алғаш рет әйел адамның ұшуы – барлығы осы жерде жүзеге асты. Бұл – аңыз. Иә, қазір ұшырылымдар саны азайып келеді. Бұған халықаралық логистика, саясат сияқты белгілі бір мәселелер әсер етіп отыр. Мұның бәрі ықпал етеді», - деді Айымбетов.
Осы орайда айлақтың жұмысын жандандырудың басты қадамдарының бірі ретінде «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жылдың 30 сәуірінде 45-алаңнан екі елдің ортақ жобасы саналатын «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-тасығышы алғаш рет сынақтан өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл процесстің жоспарланған режимде өтіп, габариттік-массалық модельдің есептелген траекторияға шыққанын растады.
Қос тараптың уағдаластығына сәйкес, 2027 жылға дейін аталған зымыранды кем дегенде үш мәрте сынақ ретінде ұшыру көзделген. Алайда көрші елге салынған санкциялар мен ғарыш өндірісі орындарына жасалған дрон шабуылдары туралы ақпаратты ескере отырып, бұл жоспардың қаншалықты нақты орындалатыны сұралды. Ғарышкер саяси мәселелерге баға беруден тартынғанымен, келесі сынақтардың нақты уақыты әлі бекітілмегенін жеткізді.
Сонымен қатар «Бәйтерек» БК басшысы айлақтың келешегі тек зымыран стартымен ғана шектелмейтініне тоқталды.
«Қазір ғарыш қызметін дамыту бағытында Байқоңыр ғарыш айлағын халықаралық ғарыш хабы ретінде дамыту мәселесі қарастырылып жатыр. Көптеген серіктестің қатысуы құпталады. Ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым қолдау көрсетіледі. Бүкіл әлем осы басты қағиданы ұстанады», - деді ол.