Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мас болған. Кінәсін мойындамай отыр»: Үш адамның өліміне себепкер болған экс-полицейдің соты басталды (ВИДЕО)

12:13, 08 қыркүйек 2026

Алматы облысында мас күйінде қарсы бағытқа шығып, үш адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатына қатысты бұрынғы полиция қызметкерінің үстінен сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Айыпталушы орындығында – Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының экс-полицейі. Айыптау актісіне сәйкес, ол тізгінге масаң күйде отырып, жол ережесін өрескел бұзған. Қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан көлікпен соғысып, үш ажалға себеп болған шенеунік өз кінәсін мойындаудан бас тартып отыр.

Соттың алдын ала отырысында прокурор айыптау актісін оқып берді. Абылай есімді экс-полицей Алматы – Қорғас тас жолында қарсы бағытпен жүйіткіген. Оның ішімдік ішкені сараптама қорытындысымен толық расталған.

Сотта Ернат Мүсірбай есімді прокурор істің мән-жайын былайша баяндады:

«Жарылқасынұлы Абылай автомобильді басқаратын адам бола тұра, алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидасын бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекетті, яғни ҚР ҚК 345-те 1-бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасаған деп айыпталады», – деді ол.

Сот процесі алқабилердің қатысуынсыз өтуде. Бүгінгі отырыста сотталушы марқұмдардың жақындарынан кешірім сұрап, көңіл айтқанымен, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Десе де, оқиға болған күні көлікте бірге отырған досы қайғылы сәттің қалай орын алғанын жасырмай айтып берді:

«Ұйықтап отырғам. Қарсы жаққа шығып кеткен кезде, машина шайқалған кезде оянып кеттім. Сосын тұтқасынан ұстаймын, «Абылай, машина қатты кетіп бара жатыр». Басында білген жоқпын. «Абылай бауырым, тоқтат, тежегішті бас» деп, ұстап алам. Жан-жаққа қарасам, екі жақ темір. Не былай, не былай емес. Өлген жеріміз осы екен дедім. Үш-төрт мәшине өтеді. КаМАЗ келеді, бетпе-бет, бізден қашып үлгереді. Содан біз қызыл машинаға келіп соғыламыз», – деді куәгер.

Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 23 маусымда кешкі сағат 17:00 шамасында орын алған. «Haval» автокөлігі қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан «Audi» көлігімен соғысып, салдарынан үш адам оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Сотталушының туыстары осы күнге дейін марқұмдардың жақындарынан кешірім сұрап келген. Алайда қара жамылған отбасылар кінәлі азаматтың заң аясында әділ жазасын алуын кесіп айтты. Алдағы уақытта жәбірленуші тарап келтірілген моральдық және материалдық шығынға азаматтық талап-арыз беретіндерін жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар