Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медальдар саны бойынша бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Аталған қуанышты жаңалықты Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов ресми түрде мәлімдеді. Ресми өкілдің айтуынша, медальдарды есептеу барысында туындаған келіспеушіліктер толығымен реттелген.
«Командалық есептегі жалғыз техникалық сәйкессіздік медальдарды санау кезінде туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның 3 спортшысының әрқайсысының медальдарын бөлек санау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алды», - деді Алагозов.
Қырғыз басшысының Баспасөз хатшысы өз мәлімдемесінде ойындардың өте жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, қазақстандықтарды айтулы жеңісімен арнайы құттықтады.
«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорт мерекесі ретінде аяқталды.
Әсіресе көкбөрі мен жер-ұлақ бойынша жарыстар өте тартысты өтті. Мұнда қырғыз және қазақ командалары тамаша ойын үлгісін көрсетіп, спорттық бәсекелестіктің тек текетірес алаңында ғана қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жаңкүйерлер арасында да ешқандай келіспеушілік туындаған жоқ. Осы үшін екі халықтың спортшылары мен жанкүйерлеріне ерекше алғыс білдіреміз.
Командалық есептегі жалғыз техникалық алшақтық медальдарды есептеу кезінде орын алды. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медалін жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орынды иеленді.
Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!
Қырғызстандық спортшылар да бұл Ойындарда өздерін лайықты жағынан көрсетіп, күш-жігері мен шеберліктерін дәлелдеді.
Медальдар есебі - спорттың құрамдас бөліктерінің бірі ғана. Бұл Ойындардың басты жеңісі - жарыстарды өзара құрмет пен әділ бәсекелестік рухында өткізіп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір рет паш еткенімізде», - делінген мәлімдемеде.