7 қыркүйектен бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекске енгізілген маңызды өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Alash.kz.
Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға шектеусіз, яғни 100 пайызға дейін сенімгерлік басқаруға беру құқығына ие болды. Бұған дейін міндетті зейнетақы жарналары үшін 50 пайыздық шекті мөлшер қолданылып келген болса, енді бұл шектеу міндетті, кәсіби және ерікті жарналардың барлық түрі бойынша толығымен жойылды. Салымшылар қаражат көлемін өздері дербес шешіп, ақшаны әртүрлі инвестициялық стратегиясы бар бірнеше компания арасында бөле алады.
Инвестициялық портфельді басқарушылар азаматтарға Әлеуметтік кодексте бекітілген төн төмен тәуекелі бар консервативті, тепе-теңдікті сақтайтын орташа және максималды кірістілікке бағытталған тәуекелді нұсқаларды ұсынады. Салымшыларға таңдау жасауды жеңілдету үшін БЖЗҚ invest.enpf.kz арнайы платформасын іске қосты. Мұнда Ұлттық банк пен жеке компаниялардың көрсеткіштерін салыстырып, портфельдердің кірістілігін бағалауға мүмкіндік бар.
Ел заңнамасында зейнетақы активтерін қорғаудың қатаң тетіктері де қарастырылған. Егер жеке басқарушы компания белгіленген эталондық деңгейден төмен кірістілік көрсетсе, пайда болған айырмашылықты өзінің меншікті капиталынан өтеуге міндеттеледі. Сонымен қатар қаражат тәуелсіз банк-кастодианда сақталғандықтан, басқарушы компания банкрот болған күннің өзінде зейнетақы активтері өндіріп алынбайды. Бұған қоса зейнетақы қаражатын криптовалюта мен цифрлық активтерге салуға заң жүзінде қатаң тыйым салынған.
Қазіргі уақытта елімізде зейнетақы активтерін басқаруға Alatau City Invest, BCC Invest, Centras Securities, Halyk Finance, Halyk Global Markets және Tansar Capital сияқты 6 компания жіберілген. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Centras Securities компаниясы жылдық 18,66 пайыздық көрсеткішпен ең жоғары жылдық кірістілікті көрсетті.