Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек көлігімен қағып кетті делінген жігіттің жағдайы туралы соңғы ақпарат тарады

19:29, 07 қыркүйек 2026

Бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жүргізген көлік қағып кетті делінген 37 жастағы ер адамның денсаулық жағдайы әлі де ауыр. Бұл туралы Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азамат 15 тамызда ауруханаға жеткізілген. Ол анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөліміне жатқызылған.

Арада 23 күн өтсе де, науқастың жағдайы политравмаға байланысты ауыр күйінде қалып отыр. Дегенмен дәрігерлер жүргізіп жатқан қарқынды ем аясында оң динамика байқалғанын атап өтті.

«Науқастың жалпы жағдайы политравмаға байланысты ауыр күйінде қалып отыр. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан қарқынды терапия аясында оң динамика байқалады. Дәрігерлер емді толық көлемде жалғастырып, науқастың жағдайын динамикада бақылауда», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жол апаты қалай болған?

Еске салайық, 16 тамызда Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы ақпарат тараған.

Хабарламада Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені айтылған. Көлік тізгінінде экс-депутат Бақытжан Базарбек болғаны туралы ақпарат та жарияланған.

17 тамызда Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын және жұбайымен бірге ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойғанын мәлімдеді.

Экс-депутат әлеуметтік желіде тараған түрлі болжамдарға байланысты асығыс қорытынды жасамауға шақырып, тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сүйенуге үндеді.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар