Алматыда екі ер адам өздеріне жедел жәрдем шақырып, оқиға орнына келген медицина қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен деп хабарлайды Alash.kz сайты KTK-ға сілтеме жасап. Оқиға Қазыбек би мен Бәрібаев көшелерінің қиылысында болған.
Полиция күдіктілерді ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адамдар есірткіден масаң күйде болған. Медицина қызметкерлері келгенге дейін синтетикалық есірткі қолданғаны анықталды.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта күдіктілердің пышақты қайдан алғаны, сондай-ақ оны сақтау және алып жүру мақсаты анықталып жатыр. Олардың әрекетіне заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі.