Петропавлда ауыр қылмыс үшін 25 жыл жазасын өтеп, 2024 жылы бостандыққа шыққан 62 жастағы Валерий Кричиневский қайтадан сотталды. Ол әйелге шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады Alash.KZ порталы Tengrinews.kz материалына сүйеніп.
Кричиневский 1990-жылдардың соңында Петропавлда әйелдерге шабуыл жасағаны үшін ұсталып, қоғам арасында «балталы маньяк» деген атпен белгілі болған.
Кричиневскийдің бұрын жасаған қылмыстары туралы бұған дейін СҚО ішкі істер органдарының ардагері Игорь Семенов айтып берген.
Оның мәліметінше, қылмыскердің құрбандарының бірі небәрі жеті жастағы бірінші сынып оқушысы болған. Қыз 1998 жылғы 19 желтоқсанда мектептен үйіне қайтып келе жатқанда жоғалып кеткен.
Ата-анасы баланы өздері іздеп, кейін полицияға хабарласқан. Орманды алқапты тексеру барысында қызметтік-іздестіру иті алдымен қыздың мектеп сөмкесін тапқан. Кейін қар астынан баланың денесі табылған. Қыздың басынан ауыр жарақат анықталып, денесіне 13 рет пышақ сұғылған.
Үйіне дейінгі аралық небәрі 400 метр болған.
Бұл оқиғадан бөлек, Кричиневскийге зорлық-зомбылықпен жасалған тағы 11 қарақшылық шабуыл бойынша айып тағылған. Оның шабуылына ұшырағандардың барлығы 20-дан 60 жасқа дейінгі әйелдер болған. Олар алған жарақаттарына қарамастан тірі қалған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Кричиневский қала сыртындағы аумақтарда, саяжайларға апаратын жолдарда және жеке сектор маңындағы адам аз жүретін көшелерде әйелдерді аңдыған.
Ол құрбандарына көбіне артынан келіп, басынан балтамен ұрып, кейін олардың заттарын тартып алып, зорлаған.
Қылмыскердің үйін тінту кезінде жәбірленушілерден алынған алтын бұйымдар мен үлбір бас киімдер табылған. Сондай-ақ өлтірілген қыздың киімінен жасалған тәпішке мен жұмсақ ойыншық анықталған. Семеновтің айтуынша, ер адам қылмыс арқылы иемденген заттарын әйеліне сыйлап отырған.
1999 жылы Кричиневский қарақшылық, тонау, зорлау және бала өлтіру қылмыстары үшін 25 жылға сотталды. Бұған дейін оның ұрлық, көлік ұрлау және басқа да қылмыстар бойынша екі рет сотталғаны белгілі болған.
Ол жазасын толық өтеп, 2024 жылдың қаңтарында түрмеден босап шықты.
Бостандыққа шыққан соң не істеді?
Кричиневскийдің бостандыққа шығуы Петропавл тұрғындарының алаңдаушылығын туғызды. Қала тұрғындары оның қайтадан қылмыс жасап, әйелдер мен балаларға қауіп төндіруі мүмкін екеніне алаңдаған.
Полицияның хабарлауынша, ол бостандыққа шыққаннан кейін Петропавлға келіп, әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары оны әкімшілік бақылаудағы тұлға ретінде профилактикалық есепке қойған.
Сот шешімімен Кричиневскийдің жүріп-тұруына бірқатар шектеу енгізілген. Оған белгіленген уақытта үйден шығуға, қала аумағынан кетуге, алкоголь мен есірткі қолдануға және көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынған.
Оның қозғалысы электронды білезік арқылы бақыланған.
Сонымен бірге Кричиневскийдің деректері кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға арналған есепке енгізілген. Полиция оны бақылауда ұстайтынын мәлімдеген.
Бостандықтағы алғашқы екі жылында ер адам полиция назарына ілікпей, күзетші болып жұмыс істеген.
Алайда 2026 жылдың маусымында ол тағы да қылмыс жасады деген күдікке ілінді.
Әйелге шабуыл жасаған
Сотта қаралған іс материалдарына сәйкес, Петропавлдың 54 жастағы тұрғыны күндіз саяжайдан үйіне велосипедпен қайтып келе жатқан.
Жолда оны егде жастағы ер адам тоқтатып, жоғалып кеткен сиырын көрген-көрмегенін сұраған. Әйел тоқтаған кезде ер адам оған шабуыл жасап, жерге құлатып, қылқындыра бастаған.
Жәбірленушінің айтуынша, сол сәтте шабуылдаушының көзқарасы ерекше әрі қорқынышты болған.
Әйел ер адамның қолынан босап шығып, қашуға әрекет жасаған. Алайда күдікті оны қуып жеткен. Осы кезде жолдан өтіп бара жатқан басқа адам шабуылдаушыны байқап, оған қарай беттеген.
Бейтаныс адамның пайда болғанын пайдаланған әйел велосипедіне отырып, тасжолға қарай қашып кеткен. Ол жолда көлікті тоқтатып, жүргізушіден полиция шақыруды сұраған.
Кричиневский шамамен екі сағаттан кейін ұсталды. Оның сыртқы келбеті жәбірленуші сипаттаған адамға сәйкес келген. Бұдан бөлек, күдіктінің электронды білезігінен алынған мәліметтер оның оқиға болған жерде болғанын көрсеткен.
9 жылға сотталды
Кричиневскийдің қылмыстық ісі Петропавл сотында жабық сот отырысында қаралды.
Оған адам өлтіру қаупімен жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасауға оқталды деген айып тағылған.
7 қыркүйекте судья Тахмина Сабырова істің үкімін жариялады.
Сот Валерий Кричиневскийді кінәлі деп танып, оның әрекетінен қауіпті рецидив белгілерін анықтаған.
Оған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу үшін тоғыз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.