Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Кездейсоқ атылған жоқ»: Ақтаулық аңшының қазасы туралы жақындары бар шындықты айтты (ВИДЕО)

09:50, 08 қыркүйек 2026

Маңғыстау облысында түнгі аңшылық кезінде мерт болған 52 жастағы Ақтау тұрғыны Аслан Қыдырбаевтың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz. 

Айып тағылған үш ер адамның бастысы 8 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған екі сотталушы 3 жылға шартты түрде жаза арқалап, сот залынан босатылды.

Былтыр желтоқсан айында орын алған қайғылы оқиғадан кейін полиция бастапқыда марқұмның қаруды абайсыз қолданудан қаза тапқанын хабарлаған еді. Десе де, марқұмның жақындары бұл нұсқаға да, шыққан сот үкіміне де мүлдем келіспейді. Олардың сөзінше, айыпталушылар ауыр жараланған азаматқа медициналық көмек көрсетпей, денесін көліктің жүксалғышына салып, тоғыз сағат бойы алып жүрген. Тіпті жақын маңдағы Жаңаөзен ауруханасына апармай, мәйітті 300 шақырым жердегі Ақтау қаласына дейін жеткізген.

Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы басты айыпталушыға 17 жыл, ал қалған екеуіне 15 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Қазіргі таңда артында әйелі мен бес баласы қалған марқұмның отбасы үкімге шағым түсіріп, қайтадан тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етпек.

Марқұмның ағасы Мақсат Қыдырбай істің әділ тергелмегенін айтып, шағымданатындарын жеткізді:

«Бірақ соны криминалистер суретке түсірмеген. Қалай жатқаны істе жоқ. Мұны әлі зерттетеміз, кассацияға береміз, аппеляцияға береміз, соңына дейін жетеміз. Біздің ініміз кездейсоқ атылып қалған жоқ. Тіпті сараптамасын қайтадан жүргіземіз. Інімнің мылтығы суға түсіп кетті дейді. Ол суға да түскен жоқ, оны тығып тастады. Егер шынымен кездейсоқ атылған болса, сол шыққан жерге, теңіз жағасына шығарып, 100 шақырым жердегі Жаңаөзенге, екеуі сол жерге, жүргізуші алып келіп, екеуі күтіп тұруына болатын еді», — деді марқұмның туысы.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар