Отандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің AQERKE туындысы Channel R Radio халықаралық радиостанциясы өткізген #UltimateSummerCountdown жазғы қорытынды хит-парадында үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды Alash.kz.
Музыкалық доданың биылғы тізіміне әлемдік деңгейдегі 20 танымал композиция енгізілген. Тыңдармандардың онлайн дауыс беру процесі 3 қыркүйекке дейін созылып, ресми нәтижесі 5 қыркүйек күні көпшілікке жария етілді. Халықаралық аудиторияның белсенді қолдауының арқасында қазақстандық әртістің әні жаз маусымының ең үздік үш туындысының қатарынан көрінді.
Айта кетейік, Channel R Radio — заманауи трендтер мен жаңа әндерді тәулік бойы эфирге шығаратын ғаламдық онлайн-радио. Халықаралық платформаны дүниежүзінің кез келген нүктесінен мобильді қосымшалар мен арнайы музыкалық сервистер арқылы тыңдауға мүмкіндік бар.