Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров жанкүйерлеріне ашық жаттығу ұйымдастырып, өзіне тұрақты қолдау білдіріп келе жатқан демеушілеріне алғыс айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол спортшы үшін жанкүйерлер мен демеушілердің сенімі ерекше жігер беретінін атап өтіп, алда үлкен мақсаттар күтіп тұрғанын жеткізді.
«Ашық жаттығуға келіп, осы күнді менімен бірге өткізген баршаңызға рахмет! Қолдауларыңызды сезініп, таныс жандармен де, жаңадан келген жанкүйерлермен де жүздескеніме қуаныштымын.
Спортшы үшін өзіне сенетін, осы жолда қолдау көрсетіп, алға ұмтылуға жігер беретін жандардың жанында екенін білу ерекше маңызды.
«Алтыналмас» компаниясына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтамын.
Сондай-ақ жаңа демеушім — KAZ Minerals-қа ризашылығымды білдіремін. Қолдауларыңыз бен спорттағы жолыма сенім білдіргендеріңіз үшін рахмет!
Алда атқарылар жұмыс көп, жаңа жарыстар мен жаңа мақсаттар күтіп тұр.
Бірге алға ұмтыла берейік!», — деп жазды олимпиада чемпионы.