2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда МӘМС жүйесінде ірі өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды Аlash.kz.
МӘМС пакеті кеңейтілді
Жоспарлы түрде толық қамтылатын аурулар мен қызметтердің тізімі едәуір ұлғайды. Енді жүйеге созылмалы ауруларды бақылау және емдеу енгізіледі:
қант диабеті
балалар церебралдық сал ауруы
ревматизм
дәнекер тіннің жүйелі аурулары
Бұл диагноздары бар науқастар дәрігер кеңестерін тегін ала алады, тексеруден өтіп, дәрі-дәрмектер мен ем-шараларды қосымша ақысыз пайдалана алады.
Жиі кездесетін аурулар да қамтылуда
Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам артериалды гипертензиямен, ал шамамен 500 мың адам қант диабетімен есепте тұр. 2026 жылдан бастап бұл науқастарға жоспарлы қабылдау, талдаулар, тексерулер және дәрі-дәрмектер толықтай МӘМС арқылы тегін беріледі.
Созылмалы бүйрек ауруымен өмір сүретін 25 мыңнан астам адам да МӘМС пакетіне енеді. Олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. Жаңартылған пакетке мыналар кіреді:
бақылау және диагностика
дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
гемодиализ
бүйрек трансплантациясы
Ауыл тұрғындарына да жеңілдіктер
Ауылдық жерлерде тұратын азаматтар толықтай МӘМС жүйесіне енгізілген. Көпшілігі мемлекет төлейтін жеңілдікті санатқа жатады. Бұл оларға тар мамандарға, қымбат диагностикаға, заманауи емдеуге және дәрі-дәрмектерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, 2026 жылдан бастап МӘМС арқылы медициналық көмек қолжетімді әрі шығынсыз болып, әсіресе созылмалы аурулары бар науқастар мен ауыл тұрғындары үшін жағдай жақсарады.