Даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының Чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың анасы ел естумеген естелігін айтты, деп жазады Alash.kz.
Сырлыкүл Саттарханова ұлының бір сөзділігі мен елсүйгіштігі туралы оқиғаны баяндап берді.
Көз алдымнан кетпейді ғой. 22 желтоқсан күні Апачинский жаттықтырушысы болды ғой. Үш келісімшарт бар. Мен Францияныкын көрдім. Біреуі Американыкы. Біреуі есімде жоқ. Көре алмай қалдым. Бекзатқа келіп, біреуін "Выбирай!" деді. Кейін маған берді ғой. Қарасаң, көзің шығып кетеді. Соммасын көрсеңіз. Доллармен өте үлкен сомма жазылған. Үш жылға келісімшарт жасап тұр. "Үш ел шақырып жатыр. Мен сенімен бірге барамын. Алып кетемін. Екеуміз бірге барамыз" деді. Бекзат қарап тұрып, үшеуін оқып шықты. Күліп тұр ғой. Апачинскийге қарады да, "Извините, пожалуйста!" деді. "Мен ешқайсысына да бармаймын" деді. Келісім шартты қолына берді. Содан Апачинскийдің ашуланса, дауысы қаттырақ шығып кететіні бар дейтін. "Неге? Саған мүмкіндік туып тұр ғой!" деп айғайлап жатыр Бекзатқа. Бекзат басын шайқады. "Жоқ! Бармаймын" деді. "Мен қайда барамын? Білесіз бе?" деді. "Менімен бірге боламын десеңіз, жарайды. Сізбен бірге болайын. Менің жеке бапкерім болыңыз. Мен мына Шымкенттен қазақ елінің кез келген облысына ауысуым мүмкін. Ал, бірақ, шетелге бармаймын!" деді. "Почему?" деп айғайлап еді. "Өйткені, мен халыққа уәде бергенмін! Сіз жанымда естіп тұрдыңыз ғой. Мен ұшақтан түскен уақытта уәде беріп қойғанмын. "Мен Қазақстанның 2 дүркін, 3 дүркін Олимпиада чемпионы боламын!" деп уәде беріп қойғанмын. Мен сонда халқымды алдап, бөтен елге кетіп қаламын ба? Жоқ! бармаймын!" деді. Сосын бапкер ашуланып, келісім шартты менің қолыма беріп кетті. "Сіз Бекзатты көндіріп беріңізші!" деді. Мен баламның мінезін білемін ғой. Қолына қайтып бердім. "Бекзат айтты ма? Болды. Бітті. Ол бармайды. Алыңыз!" дедім ғой.