Грузияда есірткі таратты деген күдікпен 18 жастағы қазақстандық өмір бойына сотталуы мүмкін, деп жазады Alash.kz.
Грузия құқық қорғау органдары есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және өткізуге қатысты қылмыстық іс аясында Қазақстан мен Украина азаматтарын ұстады. 2008 жылы туған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары басталып, олардың заңсыз айналымға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Жергілікті заңнаманың қатаңдығына байланысты айыпталушылардың бірі ең ауыр жазаға кесілуі ықтимал.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер паналаған мекенжайдан аса ірі көлемдегі метадон заты табылып, тәркіленді. Тергеу мәліметтері бойынша, ұсталғандар есірткіні ірі мөлшерде сатып алу, сақтау және оны таратуға көмектесу арқылы қылмыстық схеманың мүшесі болған деп болжануда. Қазіргі уақытта тәркіленген заттарға тиісті сараптамалар тағайындалды.
Аталған факті Грузия Қылмыстық кодексінің 260-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі өндіріс жүргізілуде. Бұл бапта көрсетілген қылмыс түрі үшін жаза мөлшері өте қатаң: айыпты деп танылған тұлғалар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына темір торға тоғытылуы мүмкін.