Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға бөлінген мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Арнайы операцияны Қазақстанның Бас прокуратурасы, Қаржылық мониторинг агенттігі мен ІІМ Интерпол қызметкерлері Грузиядағы елшіліктің қолдауымен жүзеге асырды.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен аталған елден Қазақстан азаматын аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалап, осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды. Ағымдағы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті әйел 2020-2023 жылдар аралығында субсидияларды жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған. Өзінің арам ойын іске асыру үшін ол сенімді тұлғалардың атына рәсімделген шаруа қожалықтарын, сондай-ақ асыл тұқымды мүйізді ірі қара малды сатып алу-сатудың жалған келісімшарттары мен бұрмаланған құжаттарды пайдаланған. Осы жалған құжаттар арқылы жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алып отырған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке және өзге де зардап шегушілерге 238 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілді.