Қызмет кезінде ауыр жарақат алып, көз жұмған жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желіде елге алғыс айтып, әділ тергеудің өтуін сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғыдан қан жұтқан азамат өз жазбасында:
«Шаңырағыма сән, тіршілігіме мән болдың… Маңдайыма сыймадың ба, періштем, сен менің мәңгі жүрегімдесің», – деп жан күйзелісін жеткізген.
Кеше ауыр жарақаттан айықпаған Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды. Ержүрек фельдшер қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Әділет Зейнел енді басты тілегі «істің әділ тергелуі» екенін айтты.
«Ешқандай медаль да, ешқандай сөз де менің жүрегімнің иесін маған қайтара алмайды. Үйіме нұр, құт және береке әкелген, Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген бүкіл қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын сұрап, қасында болып, дұға еттім. Сабыр сақтап, бәрін сабырға салдым. Ендігі тілегім соттың әділ өтуі, тергеудің таза жүргізілуі. Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін бұл істі соңына дейін жеткізуім керек. Жауаптылар жазасын алуы тиіс!», – деп жазды ол.