Қаржылық мониторинг агенттігі Маңғыстау облысындағы екі жекеменшік медициналық клиниканың басшылығы ер адамдарға тән ауруды емдеу барысында құжаттарға тек әйелдерге арналған күрделі оталардың кодын әдейі жазып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 221 миллион теңгеден астам қаражатын ірі көлемде жымқырды деп күдікке ілінгенін хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Тергеу амалдарының нәтижесінде анықталғандай, мемлекет қаржысын қолды қылды деген күдікке «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ілігіп отыр. Қаржы мамандары жүргізген тексеріс барысында емдеу құнын еселеп өсірудің бұрын-соңды кездеспеген қитұрқы схемасының беті ашылды. Белгілі болғандай, клиника қызметкерлері медициналық қызметтерді электронды жүйеде кодтау кезінде тек ерлер қауымына ғана тән «варикоцеле» диагнозын емдегені үшін, құжаттарға тек әйелдерге ғана жасалатын күрделі әрі жоғары технологиялық отаның, яғни «кіші жамбас ағзалары тамырлары мен жатыр артерияларын эндоваскулярлық эмболизациялаудың» кодын әдейі енгізіп отырған.
Осындай медициналық алмастыру мен қулықтың салдарынан 200-ден астам ер адамға іс жүзінде жасалмаған, өте қымбат тұратын әйелдерге арналған процедуралар негізсіз таңылған. Бұл айла-амал аталған екі клиникаға мемлекет тарапынан төленетін емдеу шоттарының құнын бірден 10 есеге дейін жасанды түрде арттыруға толық мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта мемлекеттік бюджетке және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келтірілген жалпы шығынның көлемі 221 миллион теңгеден асып жығылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті осы қылмыстық іске қатысты кешенді тергеу амалдарын заң аясында жалғастырып жатыр, ал өзге мәліметтер тергеу мүддесін қорғау мақсатында құпия сақталуда.
Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері клиникалардағы пациенттерді тексеру барысында анықталған тағы бір өрескел заңсыздықты былай деп мәлімдеді:
«Сонымен қатар, 19 жағдайда тексерілген пациенттер бұл медициналық орталықтарға мүлдем жүгінбегенін алға тартты».
Ведомство мамандары істің құпиялылығы мен қазіргі жағдайына қатысты өз ұстанымдарын келесідей сөздермен түйіндеді:
«ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті тергеу амалдарын жалғастыруда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты және ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды».