Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз саудалады деген күдікпен екі бірдей полиция қызметкерін қолға түсірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жедел ақпаратқа сәйкес, күдіктілер көліктегі желілік полиция бөлімінің ғимараты жанында қылмыс үстінде, яғни есірткі өткізу сәтінде ұсталған. Қолға түскендердің бірі полиция майоры шеніндегі жедел уәкіл болса, екіншісі кіші инспектор-кинолог болып шықты.
Аталған заңсыздыққа байланысты қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы баптың талаптарына сай, кінәлі деп танылғандардың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау құрылымдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылады, сондай-ақ 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі таңда тергеу тобы оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтап, аталған қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да тұлғаларды анықтау бағытында тексеру шараларын жалғастыруда.