Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екі досын аяусыз пышақтап тастаған»: Балқаштағы қанды оқиға туралы тың дерек анықталды

16:03, 10 қыркүйек 2026

Балқаш қалалық сотында кісі өлтіру және екі адамның өміріне қастандық жасау баптары бойынша айыпталған азаматқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Alash.kz.

Сот материалына сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылдың 9 мамырында Балқаш қаласындағы пәтерлердің бірінде орын алған. Бірге ішімдік ішкен ер адамдардың арасында кенеттен жанжал туындап, Х. есімді азамат балконда отырған С.-ға бірнеше жерден пышақ сұғып алған. Ауыр жарақат алған С. оқиға орнында көз жұмды. Бұдан соң сотталушы пәтердегі екінші ер адам Ж.-ны да өлтіруге әрекеттенген. Алайда ол дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды.

Сотталушы Х.-ның кінәсі куәгерлер мен жәбірленуші Ж.-ның жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және өзге де айғақтармен толық дәлелденді.

«Жәбірленуші М. (қаза тапқан адамның жубайы) мен Ж. сотталушы Х.-ға қатаң жаза тағайындауды талап етті. Қорғаушы тарап Х.-ның кінәсі дәлелденбегендіктен оны ақтауды сұрады. Х.-ға қатысты айыпты жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Сот Х.-ның қылмысты мас күйінде жасауын және қылмыстардың қауіпті рецидивін қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде таныды», — деп хабарлады Балқаш қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімімен Х. есімді азамат ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша 13 жылға, ал 24-баптың 3-бөлігі және 99-баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстар жиынтығы бойынша ол түпкілікті 22 жылға сотталды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары (қатаң режимдегі) мекемесінде өтейтін болады.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің моральдық шығынды өндіру туралы арызын толық қанағаттандырды. Марқұмның жары М.-ның пайдасына 10 миллион теңге, ал аман қалған Ж.-ға 5 миллион теңге моральдық өтемақы кесілді. Материалдық шығындар ресми түбіртектермен расталған сома көлемінде ішінара өндірілді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар