Қоғам қайраткері әрі мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде жарияланған видеода діни ұйымдардың білім беру кеңістігіне ықпалына қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Аlash.kz.
Оның айтуынша, кейбір діни мекемелерде балалардың құқығы мен дамуына кері әсер етуі мүмкін жағдайлар байқалады. Әсіресе діни колледждердің қызметіне назар аудару қажеттігін айтты.
«Біз зайырлы мемлекетпіз деп айтамыз. Конституцияның өзінде дін мен мемлекет бөлек екені жазылған. Бірақ өкінішке қарай, кей жағдайда дін өзіне тиесілі емес салаларға араласып жатыр», – деді ол.
Депутат білім беру жүйесіне діни ықпалдың күшеюіне қатысты да пікір білдірді. Оның сөзінше, кейбір жағдайларда оқушыларды сабақ уақытында мешітке апару, белгілі бір киім үлгісін міндеттеу немесе өнермен айналысуға шектеу қою секілді жайттар кездеседі.
«Діни сала білім саласынан бөлек болуы керек. Балалардың жан-жақты дамуына кедергі келтіретін ұстанымдарға жол бермеуіміз қажет. Біз адами құндылықтарға, мәдениетке, өнерге сүйенуіміз керек», – деді Мұрат Әбенов.
Ол бұл мәселені құқықтық тұрғыдан нақты реттеу қажеттігін атап өтті.