Ақтөбе қаласында портативті қуаттағыштың жарылуы салдарынан ірі өрт шығып, жеке тұрғын үй толығымен жанып кетті. Тілсіз жаудың шығуына техникалық құрылғының ақауы себеп болды деген болжам бар, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 28 ақпан күні «Арман» тұрғын алабында орын алған. Өрт кезінде Тимур Майрумбаевтың алты жыл бойы өз қолымен тұрғызған баспанасы мен мүлкі түгелдей дерлік жойылды. Үй иесінің әкесі Құрман Майрумбаевтың айтуынша, оқиға балалар бөлмесіндегі қатты дыбыстан басталған. Ол жағдай туралы:
«Жарылыс сияқты қатты дыбыс естідім. Жүгіріп шықсам, ұлымның бөлмесінде балалар пауэрбанкті тоққа қосқан екен, содан от лап ете қалды. Бірден шкаф жанып, айналаны қою түтін басты. Тыныс алу мүмкін болмады, ештеңе көрінбеді», – деп мәлімдеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттің сағат 20:23-те толық сөндірілгенін хабарлады. Ресми ақпаратқа сәйкес, жалынмен күреске қарамастан, үйдің тек қабырғалары ғана аман қалған. Денсаулығына зардап келгендер жоқ, тек құжаттарды ғана құтқару мүмкін болды.
Мекеме өкілдері: «28 ақпанда Ақтөбе қаласында, «Арман» тұрғын алабында бір қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры өртенді. Өрт сағат 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толық жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», – деген деректерді ұсынды.
Қазіргі уақытта үй иесі баспананы қалпына келтіру үшін құрылыс материалдарынан көмек қажет екенін айтады. Тимур Майрумбаев алдағы жоспарымен бөлісіп:
«Мен өзім құрылысшымын. Қазір маған тек құрылыс материалдарынан көмек керек. Күн жылынған соң бәрін қалай қалпына келтіруді ойластырамын. Мүмкін қабырғаларын бұзып, қайта соғуға тура келетін шығар», – деді. Отбасы мүшелері уақытша туыстарының үйін паналап отыр.