Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрғындар тарапынан түскен шағымдар негізінде артық төленген қаражаттың өтелетінін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Ақпан айының басынан бері еліміздің бірқатар өңірінде коммуналдық төлемдердің айтарлықтай қымбаттауы байқалған. Жүргізілген талдау нәтижелері бағаның өсуі қосылған құн салығының (ҚҚС) өзгеруіне немесе ресурстар құнына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты тарифтік реттеуші орган әрбір дерек бойынша тиісті зерделеу шараларын жүргізіп жатыр.
Ұлттық экономика министрі тарифтерді негізсіз көтеруге жол берілмейтінін қатаң ескертті.
Серік Жұманғарин бұл мәселеге қатысты: «Әрбір жеке жағдайда бағаның неліктен көтерілгенін анықтау керек. Біз, әрине, тарифтер көтерілмейтінін айттық. Жалпы, бүгінгі таңда елімізде тарифтерді көтеру процесі жүріп жатқан жоқ. ҚҚС – бұл салық, солай емес пе? Біз басқа факторлар бойынша өсім болмайтынын айттық. Егер бұл орын алса және тарифтік реттеуші мұны анықтаса, онда сіздердің шығындарыңыз өтеледі. Өйткені ҚҚС-тан басқа онда ешқандай себеп болмауы тиіс», - деп түсіндірді.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар бағаның негізсіз өсу себептерін анықтау үстінде. Егер заңсыздықтар расталса, тұрғындардың артық төлеген сомасы келесі айлардың шоттарында есепке алыну немесе тікелей қайтару жолымен өтеледі. Министрлік бұл мәселенің тікелей бақылауда болатынын жеткізді.