Семей қаласындағы балалар ойын-сауық кешенінде шыққан ірі өрт толық ауыздықталды. Төтенше жағдай салдарынан ғимараттың шатыры опырылып, нысанға айтарлықтай зардап келгендіктен, құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Alash.kz.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының басшысы Руслан Байтұрсыновтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жалын толығымен жойылған. Мамандардың сөзіне сүйенсек, өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарына 23 бірлік техника мен жеке құрамның 120 маманы жұмылдырылған. Қазіргі сәтте оқиға орнында құрылыс конструкцияларын бұзу және аумақты күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұған дейін өрттің ғимарат ішіндегі жоғары өрт жүктемесі мен қою түтінге байланысты күрделенгенін хабарлаған болатын. Құтқарушылар биік техникаларды қолданып, суды үздіксіз жеткізу арқылы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Соққы салдарынан сауда орталығының шатыры ішінара опырылғанымен, ресми деректер бойынша адам шығыны мен зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдар тиісті сараптамаларды тағайындап, өрттің шығу себептері мен кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалдарын жалғастыруда.