Қостанай облысының Рудный қаласында тұрғын үй ауласында қайғылы жағдай орын алды. Жүк көлігінің астына түскен кәмелетке толмаған бала алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Қостанай облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Алдын ала болжам бойынша, «ГАЗель» автокөлігінің жүргізушісі артқа қарай қозғалып бара жатып, баланы байқамай қағып кеткен. Соққының ауыр болғаны соншалық, жасөспірімді құтқару мүмкін болмады.
Тәртіп сақшылары аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тексеруді бастап кетті. Полиция өкілдері жағдайға қатысты:
«Кәмелетке толмаған баланың қаза болуына әкелген жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда», – деп түсіндірме берді.
Құзырлы орган өкілдері көлік жүргізушілеріне арнайы ескерту жасап, тұрғын үй аймақтарында, әсіресе кері бағытта қозғалған кезде барынша сақ болуға шақырды. Қазіргі уақытта сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.