Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында орналасқан АҚШ елшілігіне ұшқышсыз ұшақтар арқылы шабуыл жасалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиғадан кейін АҚШ Мемлекеттік департаменті аймақтағы қауіпсіздік деңгейінің жоғарылауына байланысты өз азаматтарына арнайы ескерту жариялады. Сауд Арабиясы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі дипломатиялық миссия ғимаратына екі дронның бағытталғанын растады. Соққы салдарынан елшілік аумағында шағын өрт шығып, нысанға болмашы материалдық зақым келген. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Орын алған жағдайға байланысты АҚШ Мемлекеттік департаменті шұғыл мәлімдеме жасады. Құжатта қауіпсіздікке төнген елеулі қатерлер ескеріліп, американдық азаматтарға Таяу Шығыстың бірқатар елдерінен тез арада шығып кету ұсынылды.
Дипломатиялық өкілдік барлық жоспарланған кездесулер мен іс-шаралардың белгісіз мерзімге тоқтатылғанын хабарлады. Елшілік әкімшілігі өз азаматтарына қауіпсіздік мақсатында дипломатиялық миссия ғимаратына барудан уақытша бас тартуды сұрады.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонның Эр-Риядтағы американдық елшілікке жасалған шабуылға жауап қайтаратынын айтты. Бұл туралы NewsNation телеарнасының журналисі Келли Мейер Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде хабарлады.
Оның сөзінше, Трамп дипломатиялық миссияға жасалған шабуыл мен американдық әскери қызметшілердің өліміне қандай жауап берілетіні жақын арада белгілі болатынын жеткізген. Сонымен қатар ол Иранға әскер кіргізуді қажет деп санамайтынын атап өтті.